МТРА жаңалықтары

Өңірде күзгі әскерге шақыру науқаны жүріп жатыр

Өз елінің нағыз патриоттары. Өңірде қыркүйектің 1-нен бастап күзгі әскерге шақыру науқаны жүріп жатыр. Өткен сенбі күні Отан алдындағы борышын өтеуге 55 сарбаз аттанды. Пандемияға байланысты медициналық тексеріс ережелері қатаңдатылды. Қазір әскерге баруға тілек білдірген азаматтардың барлығы ПТР тест тапсыруда.

Қарулы Күштер – Тәуелсіздіктің басты тірегі. Ел басына күн туған жағдайда жауынгерлеріміз алдыңғы шепке шығады. Бұған біз пандемия басталған шақта да куә болдық. Президенттің тапсырмасымен жасақталған білекті де жүректі жігіттер көктем мезгілінде Отан алдындағы борыштарын өтеді. Арнайы жиынға шақыртылған жерлестеріміз блокпостарда күн-түн демей кезекшілік атқарды, елді мекендерді күзетті, аумақтарды санитарлық өңдеуге қатысты. Мұхамед Есентай да бүгін медициналық тексерістен өтуде. Бозбала парызымды абыроймен атқарып, келісімшарт бойынша осы салада еңбек еткім келеді дейді.

Мұхамед Есентай – әскерге шақырылушы:

 – Әскерге баруға өз қалауыммен өтініш білдірдім. Сол жақта борышымды орындап, үйге оралғым келеді. Кейін, шекара қызметіне жұмысқа орналасуды армандаймын. Себебі, ағам да шекарада қызмет еткен.

Айта кетейік, қыркүйектің 1-і күні өңірде күзгі әскерге шақырту басталды. Қыркүйек-желтоқсан аралығында Қарулы Күштердің қатарына Солтүстік Қазақстаннан 550 жасты жөнелту жоспарланып отыр. Бүгінде жерлестеріміздің бір бөлігі медициналық тексерістен өтіп жатыр. Тексері біршама күрделенді. Бүгінде міндетті түрде әр азамат коронавирусты анықтауға арналған ПТР-тест тапсырады.

Талғат Алиқұлов – СҚО қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы:

– ПТР-тесттің нәтижесі бойынша ғана азаматтарды әскер қатарына шығарып саламыз. Әскер қатарына барғаннан кейін де сол жақта сарбаздар қайта ПТР-тест тапсырады. Кейін ол жақта жастар 14 күн карантинде, яғни бақылауда болады.

Бүгінге дейін елімізде әскер қатарындағы сарбаздардың ешқайсысынан КОВИД-19 анықталмаған екен. “Тұрақты жағдай шақырту кезіндегі қатаң тексерістің арқасында сақталып отыр”-, дейді мамандар. Өткен сенбі күні ғана азаматтық міндетін өтеуге Отар елді мекеніне Петропавлдан жас сарбаздардың кезекті легі аттанды. Әскери аумаққа 50-ден аса жерлестеріміз арнайы пойызбен жөнелтілген.

Талғат Алиқұлов – СҚО қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы:

– Ешқандай мәселе туындаған жоқ. Жігіттердің барлығы әскерге баруға құлшыныстарын білдірді. Карантинге байланысты ешкімнің бойынан қорқыныш сезімі байқалған жоқ. Бұл – әрине, қуантарлық жайт.

Бүгінде дейін еліміздің Қарулы Күштерінің қатарына өңірден 235 азамат аттанды. Күзгі әскерге шақырту мерзімі желтоқсан айының 28-і күні аяқталады.

 

 

Бердимурат Баймухан