Аптадағы маңызды жаңалықтар

Алдағы 3 жылда әскери қызметкерлердің жалақысы 30%-ға өседі

Алдағы уақытта әскери қызметкерлердің жалақысы 30 пайызға өсіп, оларға деген әлеуметтік көмектің де көлемі артады. Бұл жайлы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде айтты. Сондай-ақ, мемлекет басшысы қазақстандық армияны ең озық цифрлық технологиялармен қамтамасыз етуді тапсырды. Осы ретте өңір әскерилері өз пікірлерімен бөлісті.

Қасым-Жомарт Тоқаев – Қазақстан Республикасының Президенті – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы:

– Ішкі толқулар, төңкерістер елдің тұтастығына сөзсіз әсер етеді. Оған Брест бітімінен бастап Қап тауындағы соңғы жағдайларға дейінгі тарихтың жаңа парақтары куә. Мұндай жағдайда мемлекеттің егемендігі мен тұтастығының жалғыз кепілі – Қарулы Күштер. Елімізді сыртқы қауіп-қатерден қорғап тұрған әскери қызметшілерді мемлекет әрдайым қолдайды. Президент және Жоғарғы Бас қолбасшы ретінде қорғаныс саласына ерекше көңіл бөлуді өз жұмысымның басым бағыты ретінде санаймын.

Әскер – ел қорғаны. Осыны алға тартқан Қазақстан Республикасының Президенті – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде бірқатар басымдыққа көңіл бөлу қажет деді. Ең алдымен Отан алдындағы борышын өтеп жүрген жауынгерлердің рухын көтеру керек.

Талғат Алиқұлов – СҚО қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы:

– Өйткені, жігіттер әскерге барған соң «тұрыңыз, шәй ішіңіз» дейтін апа мен әже жоқ. Ол жерде бұйрықтар бар. Оны дер кезінде орындау қажет. Үйдегі атмосфера бөлек, казармадағы, полигондағы психология бөлек. Қолында қаруы, аспаптары болады. Олардың ішкі дүниесін дайындау керек.

Рухы мықты жігіттердің қызметтік құрал-жабдықтары да заманға сай болуы қажет. Ел Президенті қазақстандық армияны ең озық цифрлық технологиялармен қамтамасыз етуді тапсырды.

Жомарт Атығаев – ҚР ҰҰ ӘИ кафедра бастығының орынбасары:

– Жақында ғана жаңа оқу құралы әкелінді. Ол атқыш тир. Және 4 түрлі тренажер келді. Әскерлеріміздің әскери дайындығы жоғары сапада болсын деп керектің бәрімен қамтамасыз етіліп жатыр.

Сондай-ақ, келесі жылы қарашаның 1-іне дейін әскери бағыттағы біртұтас ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымының операторы құрылмақ. Мұнда ең үздік деген мамандар жиналып, Қазақстанда әскери саясатты дамыту үшін жұмыс істейтін болады.

Талғат Алиқұлов – СҚО қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы:

– Радиотехниканы бітірген, курстардан өткен, практика жүзінде тәжірибе жинақтаған мамандарды әскер қатарына шақыруға тырысамыз. Мұнда өз білімін пайдалануға мүмкіндік беріледі.

Алдағы жылы әскерилерге берілетін әлеуметтік көмектің көлемі де артпақ. Нақтырақ тоқталсақ, күштік құрылымдарға арналған азық-түлікке бөлінетін қаржы көлемі өседі. Тағы, 3 жыл ішінде әскери қызметшілерге тиесілі қаржылай төлем орташа есеппен 30 пайызға көбейтіледі. Мемлекет тарапынан көресітіліп жатқан қолдау қызметкерлердің өз міндетін орындауға деген жауапкершілігін одан әрі арттырады дейді Жомарт Атығаев.

Жомарт Атығаев – ҚР ҰҰ ӘИ кафедра бастығының орынбасары:

– Қызметіміз оңай емес. Ауа райы, күн мен түнге қарамай қызмет атқарамыз. Оқу базасын ары-қарай нығайтуға, мамандардың тұрмыстық жағдайын көтеруге, үлкен көмек деп есептеймін.

Жалпы, қаладағы Әскери институтта 800-ден астам курсант білім алады. Оларға 100-ден астам білікті оқытушы сабақ береді.

 

 

 

Маржан Касымбек