Спорт

Жерлес зілтемірші әлем чемпионатында топ жарды

Солтүстікқазақстандық зілтемірші Жанәли Тұяқов  Перуда өткен Әлем кубогында өзге 6 қазақстандық спортшымен бірге ел намысын қорғады. Тікелей байланыс арқылы ұйымдастырылған додада  жерлесіміз жеңіс тұғырының 3-ші сатысына көтерілді.

Жанәли Тұяқов үшін қараша айы оңайға соқпады. Алдымен зілтемірші ел біріншілігіне, араға бір апта салып жаһандық додаға қатысты. Сайыстарға дайындық әдеттегідей емес, ерекше режимде өткен екен. Әсіресе, онлайн форматта тікелей байланыс арқылы ұйымдастырылған әлем кубогында өнер көрсету үшін біраз тер төгіпті. Себебі, Қазақстан мен Перу арасындағы уақыт айырмашылығы бақандай 11 сағатты құрайды. Сәйкесінше жаттығу жиындарының да кестесін өзгертуге тура келген.

Эрик Алибаев – СҚО ауыр атлетика бойынша аға жаттықтырушысы:

– Жаттығу жиындары кешкі 8-9-да, кейде тіпті түнгі 2-3-те жүргізіліп тұрды. Бұл – жастардың тез бейімделуі үшін жасалған шара. Жанәлиге бұл жаңа дүние болғанымен режимге тез үйреніп кетті. Әлем біріншілігіне Қостанай қаласынан қатыстық. Дүбірлі дода түнгі (12:30-да) бастау алды.

Күнделікті дайындық пен қатаң дисциплина өз жемісін берді. 102 келіден артық салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Жанәли Тұяқов жеңіс тұғырының 3-ші сатысына көтерілді. Бұл – оның халықаралық додағы дебюті.

Эрик Алибаев – СҚО ауыр атлетика бойынша аға жаттықтырушысы:

– Жанәли ерлер арасында бақ сынап, жұлқа және серіпе сайыстардың нәтижесі бойынша 319 келіні көтерді. 16 жастағы жасөспірім үшін мұндай салмақты көтеру оңай шаруа емес. Дегенмен, жас ауыр атлетші А тобында өнер көрсетіп, өзге елдердің 10 спортшысымен сынға түсті.

Әлем біріншілігі аяқталысымен Жанәли Тұяқов бірден Талдықорғанға аттанды. Қазір спортшы өзге жергілікті зілтеміршілермен өңір намысын ел чемпионатында қорғауда.

 

 

 

Бисенова Жанна