МТРА жаңалықтары

“Якорь құс фабрикасы” серіктестігінде жаңғырту жұмыстары аяқталды

Якорь құс фабрикасы өндіріс көлемін 1,5 есеге арттырып, жылына шығарылатын жұмыртқа санын 150 млн-ға жеткізуді көздеп отыр. 5 жыл бойы жүргізілген жаңғырту жұмыстары қуаттылықты еселеуге мүмкіндік берген. Осы мақсатта алдағы уақытта Ресейден 140 мыңға жуық қанатты жеткізілмек.

Қазіргі таңда серіктестікте 230 мың қанатты бар. Олар жыл сайын 100 млн-нан артық жұмыртқа береді. Өндіріс көлемін арттыру үшін 2015-ші жылдан бері кәсіпорында жаңғырту жұмыстары жүргізілді. 5 жыл ішінде фабриканың іші кеңейіп, заманауи қондырғылармен толықты. Бұл ретте серіктестік мемлекет қолдауына жүгінген.

Балжан Ағатаева – “Якорь құс фабрикасы” ЖШС директорының орынбасары:

– Соңғы 2 жылда мұнда 3 бірдей корпуста жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Жобаны жүзеге асыру үшін “Сбербанк”-тен несие алдық. Ал “Даму” қоры кредиттік пайыздың бір бөлігін субсидиялады. Сондай-ақ, «KazakhExport» АҚ қарызды қайтару бойынша кепілдік берді.

Инвестициялық жобаны іске асырғаннан кейін құс фабрикасында 10 корпус толық жұмыс істеуін бастады. Енді кәсіпорында 560 мың қанаттыға арналған орын дайын. Осы орайда өндіріс ошағы Ресейден 140 мың тауық әкелуді жоспарлап отыр.

Айта кетейік, әр корпуста еуропалық соңғы үлгідегі қондырғылар орнатылған. Құрал-жабдықты сатып алу үшін серіктестік жарты млрд-тан астам қаржы жұмсапты. Осылайша өндіріс ошағындағы жұмыс процесі толығымен автоматтандырылған. Қанаттыларға белгілі бір кестеге сәйкес жем-су беріліп, қалдықтары тазартылады. Әр тауық уақытылы вакциналаудан өтеді.

Балжан Ағатаева – “Якорь құс фабрикасы” ЖШС директорының орынбасары:

– Бізге мамыр айында Ресейде құс тұмауы өршіп жатыр деген хабар келіп түскен болатын. Сол кезде біз барлық қанаттыны алдын ала вакциналадық. Сол себепті, біздің құстар індетттен аман қалды. Менің ойымша, осындай кезде карантин режимін қатаң сақтайтын жабық типтегі кәсіпорындар ғана өз шаруашылықтарын дамыта алады.

Енді, Якорь құс фабрикасы толық қуатқа шыққаннан кейін жылына 150 млн-нан астам жұмыртқа шығаруды жоспарлауда. Жергілікті тауар Ресейден бөлек, Қырғызстан, Ауғанстан мен Тәжікстан елдеріне экспортталады.

 

Ешкенова Дана