Құқық қорғау органдары

Полицейлер жүргізушілерді жолда сақ болуға шақырады

СҚО-да “Қауіпсіз жол” республикалық акциясы аясында полицейлер мен инспекторлар жүргізушілерге түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.

Өкінішке қарай, соңғы уақытта өңірімізде жол-көлік апаттарының саны артқан. Әсіресе, көктайғақ басталғалы машина қақтығыстары көбейген. Мәселен, тек өткен 2 тәуліктің ішінде облыс аумағында 1200-ден астам жолда жүру ережесін бұзу фактісі тіркелді. Оның 101-і – автомобильді басқару кезінде ұялы телефонмен сөйлесу. Ал 13 адам темір тұлпарды масаң күйде жүргізген. Осыған байланысты мамандар жерлестерімізді жолда сақ болуға шақырады.

Оксана Попова – қалалық ПБ патрулдік полиция батальонының штаб бастығы:

– “Қауіпсіз жол” республикалық акциясы барысында 2 күннің ішінде Петропавлда 500 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Бірқатар фактілерді баян етейік. 4 адам көлікті масаң күйде басқарған. 2 тұрғын машинаны жүргізуші куәлігінсіз жүргізген. Одан бөлек, 146 кісі рұқсат етілмеген жерден өткендері үшін әкімшілік жауапқа тартылды. Жалпы, мұндай рейд шаралары аптаның соңына дейін өтетін болады.

Бисенова Жанна