Білім

Облыс орталығында Қозыбаев оқулары өтті

«Қозыбаев оқулары – 2020: қазақстандық ғылымның дамуындағы басым бағыттар, заманауи жетістіктер мен инновациялар». Бүгін Қозыбаев Университетінде осындай тақырыпта халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Шараға әлемнің түкпір-түкпіріндегі білім ордаларынан ғалымдар қатысып, баяндама оқыды.

Шара тарих ғылымдарының докторы, академик Манаш Қабашұлы Қозыбаевтың ескерткіші алдына гүл қоюдан басталды. Атай кетейік, жақында қарашаның 16-сы күні тарихшының туған күні болды. Білім мен ғылымның дамуына елеулі үлес қосқан академиктің көзі тірі болса биыл ол 89 жасқа толар еді.

Бүгін білім ордасында тарихи сәт. Университет қабырғасында «Абай орталығы» ашылды. Сонымен қатар, бүгін Манаш Қозыбаев оқуларына орай 5 томдық «Манаштану мәселелері» кітабының тұсауы кесілді. Абай орталығына кіріп келген сәтте көзге түсетін дүниелердің бірі – ол мына қабырға. Туындыны Вячеслав Ким есімді кәсіпкер ойлап тауыпты. Ерекшелігі сол телефондағы бағдарламаның көмегімен қабырғаны камераға түсірсеңіз Абай атамыздың суреті сөйлей бастайды.

Вячеслав Ким – кәсіпкер:

– Бағдарлама “Look AR” деп аталады. Бұл қосымшаны менің компаниям жасап шығарды. Оның көмегімен қабырғадағы картинкаларды толықтырылған шынайылық, яғни 2D, 3D объект ретінде қарауға болады. Жалпы, жобаны іске асыру үшін 2 ай уақыт жұмсалды.

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, академик, Қозыбаев Университетінің профессоры Зарқын Тайшыбай бұл орталық жастардың Абайды тануға, оның шығармашылығымен кеңірек танысуға мол мүмкіндік береді дейді. Сонымен қатар, болашақта Абай ілімін тарату мен оны кеңінен зерттеуде рөлі зор болатынын жеткізді.

Зарқын Тайшыбай – ҚР еңбек сіңірген қайраткері, академик, Kozybayev University профессоры:

– Абай орталығының ашылуы – облысымыз үшін үлкен оқиға. Мұнда студенттер, ауыл шаруашылығы еңбеккерлері мен студент, мұғалімдер кездесіп Абайдың философиясымен танысып үлкен азық алады деп есептеймін.

Жоғарыда айтқанымыздай биыл – Манаш Қозыбаевтың 89 жылдық мерейтойы. Осыған орай жергілікті университет қабырғасында ауқымды шара ұйымдастырылуда. Нақтырақ айтсақ, «Қозыбаев оқулары – 2020: қазақстандық ғылымның дамуындағы басым бағыттар, заманауи жетістіктер мен инновациялар» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтуде. Шараға әлемнің түкпір-түкпіріндегі білім ордаларынан 15 адам онлайн-байланыс арқылы баяндама оқыды. Конференция қазақ, түрік, орыс және ағылшын тілдерінде өткізілді.

 

 

 

 

Бердимурат Баймухан