Білім

НЗМ оқушылары мектептің виртуалды нұсқасын жасады

Химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары  білім ордасының виртуалды нұсқасын жасады. Тың дүниенің көмегімен мектепке онлайн-экскурсия жасап, мұғалімдермен тілдесіп, тапсырмаларды да орындауға болады.

Қарапайым тілмен айтқанда интернеттегі ойынның бір түрі. Құмсалғыш жанрдағы майнкрафт платформаларға портталған. Яғни, бірнеше бөліктен тұрады деген сөз. Мұнда ойын ойнап қана емес, түрлі онлайн шара өткізіп, белгілі бір нысанның вируалды нұсқасын әзірлеуге болады.

Арман Мұхамеджанов – Химия-биология бағытындағы НЗМ оқушысы:

– Майнкрафт ойынында өзіміз білім алатын мектептің электронды нұсқасын жасадық. Жобаны жүзеге асыру үшін 12 оқушы еңбектенді. Құрамымыздың бір бөлігі нысанның келбетін жасап, сервиске жауап берді. Ал басқалары ойындарды әзірледі.

Тың дүниенің бір ерекшелігі – компьютер немесе ұялы телефонның көмегімен оқушылар мектепке онлайн-экскурсия жасай алады. Мұғаліммен тілдесіп, сыныппен квест ойынын ойнауға да болады екен. Бастапқыда бұл идеяны 8-сынып оқушысы Азат Андамасов ұсыныпты. Бірақ, карантинге байланысты қазір ол Аққайың ауданындағы Смирново ауылында қашықтықтан білім алып жатыр. Оның жобасын оқу ордасының директоры бірден қолдаған. Осылайша 2 жарым айда істі жүзеге асыруға септескен.

Данияр Уәлиев – Химия-биология бағытындағы НЗМ директоры:

– Оқушыларда инженерлік қабілетті дамытады. Олар кеңістікте ойлауды, математикалық есептерді жасауды, геометрияны білулері керек. Программалауды жіті меңгереді. Осының барлығын жасау біраз білімді талап етеді.

Майнкрафт қосымшасын кез келген адам ұялы телефонына немесе компьютерге жүктеп ала алады. Оқушылар осымен тоқтап қалмақ емес. Енді алдағы уақытта өлкеміздің киелі жерлері картасының виртуалды көшірмесін жасамақшы. Бүгіннің өзінде Айыртау ауданындағы «Айғаным қонысы» музей-кешенінің электронды нұсқасын әзірлеп қойыпты.

 

 

 

Маржан Касымбек