Аптадағы маңызды жаңалықтарCOVID-19: Қазақстан

Өңірдің бас санитар дәрігері жаңа қаулы қабылдады

Коронавирус індетін жұқтыру жағдайлары күннен-күнге өсіп жатыр. Әсіресе, соңғы 1 аптада эпидахуал күрт нашарлады. Бүгінде науқастардың саны 100 мың адамға шаққанда 96-ны құрайды. Статистика, өкінішке қарай, не бір орында тұрмайды, не азаймайды. Ковид-19-дың таралуына тосқауыл қою үшін өңірдің бас санитар дәрігері жаңа қаулы қабылдады.

Соңғы екі аптадағы ахуал мынадай: қарашаның 13-і мен 19-ы аралығында 461 жерлесіміздің бойынан ковид-19 ауруы анықталды. Ал оған дейінгі бір жұмада 204 факті болды. Яғни, бар-жоғы 7 күндегі өсім 1,7 есені құрап отыр. Енді соңғы тәуліктегі статистикаға тоқталар болсақ. 24 сағат ішінде 85 жағдай тіркелді.

Арман Күшбасов – СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының міндетін атқарушы:

– Оның ішінде 39 науқаста коронавирус инфекциясының белгілері бар. Қалған 46-сында ешбір симптом байқалмайды. Жалпы, қарашаның 1-інен бастап 877 жаңа жағдай тіркелді. Бұл наурыз айынан бері ковид-19-ды жұқтырғандардың 16 пайызын құрайды.

Жағдай мәз емес. Санитарлық дәрігерлердің бұл жан айқайын көбісі естімей, түсінбей отырған сияқты. Себебі, қатаңдатылған карантиннің өзіне қарамастан қалыпты өмірлерін жалғастыруда. Мәселен, ОРВИ-дің сипмтомдары байқалса, азамат оқшауланып үйде қалуы керек. Ал жұрт керісінше дәрі-дәрмекті ішіп алып, жұмысқа барады. Осылайша дерт науқас отырған автобустағыларға және ұжымға жұғады. Ахуал ушыққандықтан, қарашаның 19-ы жаңа қаулы қабылданды. Құжатқа сәйкес, азық-түлік дүкендерінің уақыты 2 сағатқа ұзартылды. Иә, шалыс естіген жоқсыздар. Енді бұл сауда павильондары кешкі 8-ге дейін емес, 10-ға дейін жұмыс істейтін болады. Себебі, тұрғындар үйге керек-жарақты алу үшін бір мезетте ағылады, кезек құрады, сәйкесінше қауіп те көбейетін көрінеді. Бұл соңы емес.

Арман Күшбасов – СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының міндетін атқарушы:

– Дайын тамақты жеткізіп беру қызметінің уақыты 2 сағатқа ұзартылып, кешкі 10-ға дейін жүргізілетін болады. Қоғамдық моншалардан басқа, сауналардың шаруасы мүлдем тоқтатылады. Ал спорт және фитнес орталықтарға келушілер саны 50-ден 30 пайызға дейін қысқартылады.

Осыған дейін талай айтылған әлеуметтік арақашықтық, маска киіп, қолды антисептикпен өңдеу деген ережелерді де назардан тыс қалдырмаған жөн. Індет өршіп тұрған қызыл аймақтан тек осы карантин шараларын сақтап қана шыға аламыз.

 

 

 

 

 

Эльмира Садвокасова