ҚоғамЕрiктiлер

24 солтүстікқазақстандық халықаралық “Жыл волонтері” байқауына қатысуда

Жомарт жүректі! Петропавлдық Дамир Абдин есімді волонтер “Көмек жақын” атты қорына жетекшілік етеді. Өзі бастап, өзгелері қостап – барлығы 15-ке жуық адам көмекке мұқтаж жандарға жәрдемдеседі.
Сөз жүзінде емес, білегін сыбанып нақты іс атқаратын жас жігіттің мейірімділігі  көпбалалы аналар мен қарт адамдардың ризашылығын тудыруда. Ал жуырда Дамир қоғамға сіңіріп жатқан еңбегі үшін “Халық алғысы” медалімен марапатталды.

Елена Гуйван – көпбалалы ана. Жолдасы екеуі 4 ұл мен 1 қыз тәрбиелеп отыр. Үлкендері 17-де болса, көпейлері небәрі 1 жаста. Нәзікжанды – қазір декреттік демалыста. Сондықтан, отағасы ғана табыс табады. Оның өзі жетпей жатады. Жанұяның айлықтан-айлыққа дейін өмір сүріп жатқандарын жергілікті ерікті Дамир Абдин танысынан естіпті. Сөйтіп, Гуйвандар әулетіне көмектесуді шешкен. Жас жігіт көктемнен бері балаларға киім-кешек пен азық-түлік әкеп отырады.

Елена Гуйван – қала тұрғыны:

– Қазіргі уақытта барлығы қымбат. Әсіресе, кішкентай балалардың киім-кешегі. Оған кейде ақшамыз жетпей жатады. Бір танысым бізді Дамирмен жолықтырды. Содан бері олардың “Көмек жақын” атты қоры бізге қол ұшын беруде. Әрдайым азық-түлік әкеп тұрады. Жуырда тіпті шаңсорғыш сыйлады. Дамирге айтар алғысымыз шексіз.

Дамир Абдин бастаған волонтерлер қаладағы көпбалалы, аз қамтылған отбасылармен қатар, зейнеткерлерге де қолғабыс етеді. Мұндай шарапаты мол шарамен айналысып жүргендеріне 1 жыл болыпты. Айта кеткен жөн, игі іс әлеуметтік желі арқылы жасалады. Еріктілер жарнама таратып, қайырымды жандардан киім-кешек, азық-түлік, үйге қажетті заттар жинайды. Кейін оларды мұқтаж адамдарға таратып береді.

Қайырымды адамдар еріктілерге су жаңа киімдерді де әкеп жатады екен. Жуырда бір кәсіпкер мектеп оқушыларына 70-ке жуық аяқ киім сыйлаған. Бұның барлығы енді ұл-қыздарға таратылмақ. Дамир басында барлық затты уақытша өзінің пәтерінде сақтап келіпті. Бірақ, уақыт өте келе табыс етілген дүниелер молайып, үйден біраз орын алған. Сол себепті, гараж жалдауға тура келген. Азаматтың сөзінше біздің қалада жомарт жандар көп.

Дамир Абдин – волонтер:

 – Мен волонтерлікті “Лидер кз” еріктілер қозғалысынан бастадым. Онда біз із-түссіз жоғалған адамдарды іздеуге ат салыстық. Кейін өзімнің “Көмек жақын” атты қорымды аштым. Қазір командамда 15-ке жуық белсенді жас бар. Басты мақсатымыз – мұқтаж жандарға көмек беру. Әсіресе, қазіргідей қиын-қыстау кезде шетте қалмай, сәл де болса үлесімізді тигізу. Халық үшін аянбай еңбек етуге дайынбыз.

Жақында жас та болса, бас болып жүрген Дамирдің еңбегі еленді. Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың “Халық алғысы” медалімен марапатталды. Алдағы уақытта жүлде қоры толығуы мүмкін. Жерлесіміз халықаралық “Жыл волонтері” байқауына қатысуға өтінім берген.

Мұса Әубәкіров – қалалық жастар ресурстық орталығының маманы:

– Халықаралық “Жыл волонтері” атты байқауға қатысушы жандардан өтінімдер қазан айының соңында қабылданды. Оған кез келген ерікті қатыса алады. Конкурс 16 аталым бойынша өткізілуде. Біздің өңірден халықаралық сайысқа қатысуға 24 волонтер өтінім берді.

Халықаралық байқаудың қорытындысы қарашаның 25-і күні “ZOOM” платформасында жарияланады. Үздік еріктілер ақшалай сыйлықпен марапатталмақ.

 

 

 

Ешкенова Дана