Мәдениет

Тарихи-өлкетану музейінде “Ұлтын сүйген ұлы жүрек” көрмесі өтті

Мағжан Жұмабаевтың жайнамазы, зайыбы Зылиханың ыдыс-аяғы. Тіпті, ақынның сан-қилы тағдырынан сыр шертетін құжаттар да ұсынылды. Облыстық тарихи-өлкетану музейінде “Ұлтын сүйген ұлы жүрек” атты көрме қанат жайды.

Тарихи-өлкетану музейінің кезекті көрмесі Алаштың ардақты ұлы Мағжан Жұмабаевқа арналған. Мұнда ақынның өмірбаянына шолу жасалып, құжаттарының көшірмелері көрсетілді. 3 томдық шығармалар жинағы да ұсынылып отыр. Сондай-ақ, жерлесіміз қуғын-сүргінге ұшыраған кезде жазылған проктоколдардың көшірмелері де қойылған.

Гүлжаухар Сәдуақасова – облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлім меңгерушісі:

– Жалпы, Мағжан Жұмабаев 3 рет қамалған болатын. Ең алғаш рет 1918 жылы қамауға алынып, 1 айдан астам Омбы түрмесінде отырды. 2-ші рет 1929 жылы 10 жылға сотталып, Сібірдегі саяси түрмеден Максим Горькийдің көмегімен 3 жыл мерзімге ерте босап шығарылады. Одан кейін 1937 жылы 3-ші рет ұсталып, 38-дің наурыз айында атылды.

Алтынай Қазиқан – тілші:

– Көрмеге Мағжан Жұмабаевтың күнделікті өмірде қолданған заттары қойылған. Көп дүниенің арасында жайнамаз да бар. Жайнамаздың маңдай және тізе тигізетін жерлері жұқарып, жамалған екен. Намаз оқығанда қолданылатын төсенішке Түркия еліндегі Айя София көне мешітінің 19-шы ғасырдағы бейнесі салынған.

Құнды жәдігерлердің арасындағы мына табақ ерекше көзге түседі. Қытай фарфорынан жасалған ыдысты Мағжан Жұмабавтың жары Зылиха әжеміз қолданған екен. Ал мына кесені ақын келіні Бибізайыпқа Мәскеуден арнайы әкеп беріпті. Бұл дүниелердің барлығын музейге Мағжанның Петропавлда тұратын немере інісі Тасболат Бекенов сыйға тартқан.
Жалпы, қуғын-сүргін құрбандарына арналған іс-шаралар музейде аптасына бірнеше рет өткізіледі.

Еркін Шалкенов – СҚО музейлер бірлестігі жетекшісінің орынбасары:

– Қарашаның 11-інен бастап өңірдің 18-20-шы ғасырдағы тарихы жайлы онлайн-көрмелер сериясы бастау алды. Желтоқсанға қарай Тұңғыш Президент күніне орай “Көшбасшы жолы” атты жобаны қолға алуды жоспарлап отырмыз.

Музей ұжымы ұйымдастырған тарихи-танымдық іс-шараларды тұрғындар инстаграм, фейсбук желілерінен muzeisko мекен-жайы бойынша өтіп, тамашалап, пікірлерін қалдыра алады.

 

 

Казиканова Алтынай