Аптадағы маңызды жаңалықтар

Түлектерді жұмыспен қамту әлі де өзекті

Жұмыс жоқ емес, бар. Алдағы уақытта өңірдегі ірі жобалар іске асырылғаннан кейін бос орындардың саны тіптен артады. Бірақ, екі қолға бір күрекпен қамтылып, еңбектенуге жастардың дені  өздері құлық танытпайтын көрінеді. Мәселе әкімдік отырысында талқыланды. Аймақ жетекшісі  құрылыс компаниялары, кәсіпорындар мен аграрийлерге  жас мамандарды қызметке қабылдап қана қоймай, ұстап қалу үшін тиісті жағдай жасау қажеттігін айтты.

Шетел асатын түлектердің саны азаюда. Бұл ел университетіндегі білім беру сапасы жоғарылап келеді дегенмен пара-пар. Кішігірім статистика: 2017-де отандық жоғарғы оқу орындарын жерлестеріміздің тек 39 пайызы таңдаса, биылғы көрсеткіш 56-ға дейін жетіпті. Әсіресе, жергілікті білім ордасының беделі көтерілуде. Еліміздің ұлттық жоғарғы оқу орындарының рейтингінде 3 жыл бұрын 15 сатыда болсақ, қазір 11-ші орынға табан тіреді.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– 2017 жылдан бері университеттің материалдық-техникалық базасын нығайтуға 1,2 млрд теңге бөлінді. Қазір 73 заманауи, халықаралық стандарттарға сай зертханасы бар корпустың құрылысы жүріп жатыр. Одан бөлек, 2 жатақхананы тұрғызуды бастадық, тағы 3 студенттер үйін салу жоспарда бар.

Колледждердегі жағдай осыған ұқсас. Биыл оқу ордаларын білім процесіне қажет заманауи қондырғылармен қамтуға 275 млн теңге бағытталды. Көрсеткіш, әдеттегідей, 2017-мен салыстырғанда 4 есеге көп. Бұл соңы емес. Биыл 4 бірдей колледждің материалдық-техникалық базасын жаңартуға 1,2 мрд теңге бөлінді. Қомақты қаражатқа робототехника, 3D модельдеу, құрылыс материалдарын сараптамадан өткізуге арналған зертханалар сатып алынып, автокөлік жөндейтін жаңа оқу цехы іске қосылды.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Келесі жылы да бұл жұмыс жалғасын табады. 5 колледжді дамытуға 1,5 млрд теңге көлемінде қаражат бағытталмақ. Атап айтсақ, Айыртау, Ғ.Мүсірепов, Есіл, Тайынша аудандары мен Петропавл қаласындағы оқу ордаларының материалдық-техникалық базасын нығайтамыз. Екі жылда атқарылатын шаруа нәтижесі бойынша өңір колледждерінің 40 пайызы айтарлықтай жаңармақ.

Университет пен колледж қабырғасындағы қондырғылар жаңартылуда, студенттердің саны көбеюде, жаңа мамандықтар ашылуда. Бірақ, жастардың оқуды тәмамдағаннан кейін бірден екі қолға бір күрекпен қамтылатынына кім кепіл?

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:


– Биыл университет пен колледждерді 5449 түлек бітірді. Бұл – 2017 жылдан бергі ең жоғарғы көрсеткіш. Түлектердің орташа есеппен 80 проценті жұмысқа орналасқан. Соңғы үш жылдағы ең жоғарғы көрсеткіш. Осыған дейін 71 проценттен асқан емес.

Жылма-жыл түлектердің жұмысқа тұруына байланысты оң динамика қалыптасуда. Бірақ, мақсат – көрсеткішті 100 пайызға дейін жеткізу. Өңіріміздің іргелі кәсіпорындары, құрылыс компаниялары мен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер жастарды екі қолға бір күрекпен қамтуға дайын. Себебі, дәл осы салада кәсіби мамандарға деген сұраныс жоғары. Қысқасы, жұмыс жоқ емес, бар. Ал аймақтағы ірі жобалар іске асырылғаннан кейін, вакансиялар тіптен көбейеді. Бірақ, «қолда бар алтынға» қыз-жігіттердің өздері қызығушылық танытпайтын көрінеді. Облыстағы кәсіпорындарда еңбектенетін мамандардың әрбір үшіншісі – 50 жастан асқандар. Сондықтан, кейінгі ұрпақ өкілдерін тарту керек. Оларды тек қызметке тұрғызу бүгінде жеткіліксіз. Лайықты жалақыдан бөлек, жас мамандарға біліктілікті арттыру курстары мен бірқатар жеңілдік қажет.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

–  Әрбір басшы қол астындағы жұмысшыларға тиісті жағдай жасауы керек. Бүгінде баспана мәселесі өткір тұр. Осы ретте серіктестік жетекшілері көмек көрсеткендері жөн. Мәселен, өңір аграрийлері қазір еңбеккерлері үшін 150 үй тұрғызып жатыр. Игі шаруаға өндіріс пен құрылыс компаниялары да белсене ат салысулары қажет. Яғни, баспана алуға сертификаттар беру мәселесін қарастырыңыздар.

Жұмысқа орналастыру статистикасы әрдайым басты назарда болмақ. Әрі көрсеткіш бұрынғыдай анықтамалар арқылы емес, зейнетақы қорына түсетін жарналар арқылы тексерілмек. Екі қолға бір күрекпен қамту турасында өңір жетекшісі жергілікті университетке арнайы қосымша әзірлеуді тапсырды.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Қазір қашықтықтан жұмыс істеу форматы барлық салаға өзгеріс енгізіп жатыр. Сондықтан, жергілікті университет ұжымы мен студенттері қызметке тұруға арналған қосымша әзірлеулері қажет. Мұнда өңірдегі мекемелер мен кәсіпорын өкілдері вакансия ұсынып, түлектер үйден шықпай-ақ жұмысқа орналаса алады.

Әкімдік отырысында жуырда бастау алған әскери науқан турасында да сөз қозғалды. Біздің өңірден биыл жалпы саны 551 адам Отан алдындағы парызын өтеуге алынбақ. Оның 315-і қызметке аттанды. Ал 236-сы жақын арада азаматтық борышын Ұлттық ұлан қатарында атқаратын болады.

Эльмира Садвокасова