ТЖ

Құтқарушылар өзен-көлдерде рейд өткізуде

Өзен-көлдердегі мұз жұқа болғандықтан, қазір балық аулау қауіпті дейді / төтенше жағдайлар департаментінің мамандары. Бірақ, соған қарамастан / қауіпті жерде отырып қармақ салатындар жиілеп кеткен. Немқұрайлылықтың салдары неге әкеліп соқтырады? Құтқарушылар өзен-көлдерді аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Биыл көктемнің, жаздың шуақты күндері ерте келгендей, қыс та уақытынан бұрын жетті. Қар жауды, өзен-көлдерде мұз қатып, жағасында қолына қармақ ұстаған балықшылар жиілеп кетті. Қызылжар ауданының орталығы Бескөл ауылының тұрғыны Евгений Плоских та демалыстың осы бір түріне ерекше қызығады екен.

Қауіпсіздік ережелерін бес саусағындай білетін азамат сүйікті ісіне кіріспес бұрын мұзды бірнеше жерінен тесіп, қалыңдығын тексеріп алды. Нәтижесі мынадай.

Маржан Қасымбек – тілші:

– Көлдің жағаға жақын бөлігіндегі мұздың қалыңдығы 6-9 см-ді құрайды. Ал ортасына қарай бұл көрсеткіш бірнеше см-ге төмендейді. Себебі, су әлі аса қатты қата қоймаған. Сондықтан, мұз кез келген уақытта жарылып, құлап кетуіңіз әбден мүмкін.

Евгений Плоских – Бескөл ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:

– Өзім осы көлге жақын жерде тұрамын. Бірнеше күннен бері сынап бағанасы -10-15 градусты көрсетіп тұр. Мұндай жағдайда су айдынының беті қатады. Ал мұз қатқан кезде балық аулау жеңілдей түседі. Бірақ, қауіп те күшейеді. Мол олжаға кенелемін деп жүргенде мұз опырылып кетуі ғажап емес. Сондықтан, желтоқсан айына дейін күте тұрған дұрыс деп есептеймін.

Қауіпті сезген Евгений Плоских заттарын жинап, қауіпсіз жерге көшті. Ал шатырдың ішіндегілер құтқарушылардың ескертуіне пысқырып та қараған жоқ, тіпті, тілдесуден де бас тартты.

Аслан Ахметжанов – Қызылжар аудандық ТЖ бөлімінің бастығы:

– Қызылжар ауданында  балықшылардың қатысуымен өзен-көлдерде болатын оқыс оқиғалардың алдын алу жұмыстары қараша айының басында басталды. Себебі, аудан аумағында 60-тан астам су айдыны бар. Қазіргі таңда оларға біздің мамандар барып, суға қармақ салғанды жаны сүйетін тұрғындарға арнайы анықтама қағаздарын таратып, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.

Алаңдауға себеп бар, әрине. Өйткені, биыл наурыз айында ауданда қайғылы жағдай орын ала жаздады. Рассвет ауылының тұрғыны балық аулап жатып абайсызда суға құлап кеткен. Абырой болғанда жерлесімізді жанындағылар байқап қалып, жағаға алып шыққан. Құтқарушылар солтүстікқазақстандықтарды сақтық шараларын қаперден шығармауға шақырады.

Маржан Қасымбек