МТРА жаңалықтарыҚұрылыс

Петропавлда жалдамалы қос 5 қабатты үй қолданысқа тапсырылды

Тағы 186 жанұя армандаған шаңырақтарына қол жеткізді. Бүгін Первомай көшесінің бойында тұрғызылған көпқабатты 2 үй қолданысқа тапсырылды. Жалдамалы пәтер кілттері  әкімдік кезегінде тұрған  қоғамның әлеуметтік әлжуаз топ өкілдеріне табысталды.

Назаровтар жанұясы пәтер кілтін екі күн бұрын алыпты. Бүгінде біртіндеп жиһаздарын көшіруде. Ал бір аптадан соң ресми түрде қоныс тойын тойламақ. Бұл күнді отбасы 13 жыл бойы күткен екен. Екі ай бұрын хабарласып, кезектеріңіз жетті дегенде отанасы өз құлағына өзі сенбеген. Жұмыста отырған ол қуанғаны соншалық, тіпті, әрі қарай еңбектену қиынға соғыпты. Ұзақ уақыт бойы тағатсыздана тосқан баспана Алла Назарованың армандағанынан да асып түскен көрінеді. Бөлмелері кең, жарық әрі жылы. Асүйде де қажетті техниканы орнатып, үлкен отбасымен дастархан басына жиналуға орын жеткілікті.

Алла Назарова – қала тұрғыны:

– Мен 5 баланың анасымын. Тұңғышым үйленген, бөлек шықты. Өз үйіміз болған жоқ, сондықтан мен кішкентай ұл-қызыммен анаммен бірге тұрдым. Ал үлкен екі балам тәтемнің қолында болды. Осылайша жырақта 4 жыл бойы өмір сүрдік. Енді қайта басымыз қосылып жатыр. Өте қуаныштымыз.

Шәріповтер жанұясы жаңа пәтерге кеше-ақ қоныс аударыпты. Өйтпегенде ше! Өз шаңырағының болғанын ерлі-зайыптылар отау құрғаннан бері армандаған. 11 жыл бойы кезекте тұрып, құтты қоныс кілтін аламыз деген үміттері үзілмеген. Осы аралықта талай пәтер жалдап, жалақының жартысын жұмсауға мәжбүр болыпты.

Алмаз Шәріпов – қала тұрғыны:

– 1-2 жыл сайын пәтер ауыстырдық. 20-шы ықшам ауданнан бастап, бүкіл қаланы айналып, Берекеге дейін жеттік. 10 жыл бұрын 25 мың төлейтінбіз жатақханалар үшін, соңғы уақытта 50 мыңға дейін жетті. Ал мына үйге барлығы 15 мыңдай шығады деген ойдамын. Қалған ақша қалтада, жанұямызда қалады.

Ерлі-зайыптылар үйдің әрбір бұрышын зерттеуде. Алда ауқымда шаруа – жөндеу жұмыстары күтіп тұр. Өз баспаналары болғандықтан, қабырғаларды қалаған түске бояп, қиылға ерік беруге мүмкіндік бар. Жерлестерімізді пәтермен қамту үшін үй құрылысына биыл 18 млдр теңге бөлінді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,5 есеге көп.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Нәтижесінде 3 мың пәтер салынып, 11 мың солтүстікқазақстандық жаңа баспанаға ие болады. Оның ішінде 625-і әлеуметтік әлжуаз топтарға арналған.

Первомай көшесінің бойында салынған екі баспана қоғамның әлеуметтік әлжуаз топ өкілдеріне табысталды. Яғни, жалпы 186 пәтерді көпбалалы, толық емес отбасылар мен жетімдер, мүгедектер иеленді. Нысан / апаттық деп танылған 4 бірдей екі қабатты үйдің орнына тұрғызылды. Ескі баспаналар сүріліп, олардың қожайындарына жаңа пәтер табысталған болатын. Мұнымен қаламыздың бұл бөлігіндегі өзгерістер бітпейді.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Назарбаев және Уәлиханов көшелерінің арасында ескі тұрғын үйлер көп. Оларды сүріп, үлкен спорт сарайын саламыз. Қасынан парк тұрғызамыз. Келешекте бұл ықшам аудан тұрғындар үшін ыңғайлы болмақ.

Құрылыс саласындағы жоспар алдағы уақытқа – ауқымды. Келесі жылы Береке ықшам ауданында көпқабатты 5 үй бой көтереді. 556 пәтер де әкімдік кезегінде тұрған азаматтарға берілмек. Дәл осындай жұмыс аудандарда да белсенді жүргізілуде. Қазір елді мекендерде қоғамның әлеуметтік әлжуаз тобы өкілдеріне арналған 7 баспана тұрғызылып жатыр.

 

Эльмира Садвокасова