МТРА жаңалықтары

Петропавлда пәтер неге қымбат?

Петропавлда пәтер бағасы шарықтап тұр. Шаһар – ел бойынша жылжымайтын мүлкі қымбат қалалардың алғашқы бестігінде. Бүгінде қайталама нарықтағы баспаналардың шаршы метрі шамамен 280 мың теңге тұрады және бұл сомА өспесе, кеміп жатқан жоқ. Орташа жалақының бізде аса жоғары еместігін ескерсек, бұл жағдай жергілікті жұртты алаңдатып отыр.

Біздің арнаның операторы Михаил Казначеев жуырда баспаналы болды. Жары Настя екеуі бір бөлмелі пәтердің иесі атанды. Тек әрі жайлы, әрі арзандауын табуға ерлі-зайыпты 1 жыл жұмсаған. Осы уақыт ішінде жүздеген пәтер аралап, жүйке әбден жұқарды дейді. Айтуларынша, қалада баспана негізсіз қымбат. Көп жағдайда сапа бағасына сай келмейді.

Анастасия Казначеева:

– Жөндеуі жоқ, қабырғалары қисық, ағаш терезелер қойылған бір бөлмелі пәтер үшін 8 млн теңге сұрады. Бұл сұмдық қой! Іздей жүріп дәл сол бағаға барлық жағдай жасалған мына баспананы таптық. Жолымыз болды.

Михаил Казначеев:

– Тамыр-таныс, туысқандар асықпаңдар, баға көп кешікпей түседі деді. Бірақ, ешкімді тыңдамағанымыз жақсы болды. Керісінше, қымбаттап жатыр. Біз қараған 8 млн-ның пәтерлері қазір 9-10 млн тұрады.

Ипотека! Бүгінде бұл – қатардағы халыққа баспаналы болудың жалғыз қолжетімді жолы. Жаңа үйлерден пәтерлер тек мемлекеттік бағдарлама бойынша беріледі, ал қайталама нарықтағы жылжымайтын мүліктің бағасы күйіп тұр.

– Петропавлда қайталама нарықтағы 1 бөлмелі пәтердің құны қазір орта есеппен 9-10 млн теңгенің маңайында. 2 бөлмелілер – шамамен 12,5 млн тұрады, ал үш бөлмелі пәтер 18 млн немесе одан да қымбатқа түсуі мүмкін. Айта кетейік, бұл – жергілікті риэлторлық компания берген бейресми мәлімет. Баспананың ауданы, үйдің салынған жылы мен жөндеудің жасалуы сияқты факторларға қарай баға да тербеледі.

Кей сарапшылар пандемия жағдайында жылжымайтын мүлік арзандайды деп болжаған еді, алайда бәрі керісінше өрбіді. Қаңтар мен қазан аралығының өзінде Петропавлда пәтерлер 20 процентке қымбаттаған. Шаршы метрінің орташа құны қазір – 277 жарым мың теңге. Сондықтан, хабарландыру сайттарын ақтарғанда еріксіз абдырап қаласың. Ескі, сиқы сын көтермейтін, жөндеуді қажет ететін 2 бөлмелі пәтер үшін – 11, тіпті, 13 млн сұрайтындар бар. Бұл қайдан келген баға сонда?

Саят Ермек – тілші:

– Ең қызығы, баспана бағасын мемлекет реттей алмайды. Нарықтағы жағдай меншік иелеріне тікелей тәуелді, яғни әр пәтердің өз иесі бар және оны қаншаға сатамын десе, өзі біледі. Осылайша, “пәтерлер неге қымбат?” деген сұрақтың жауабы қарапайым. Сатуға қоймас бұрын әр азамат хабарландыру сайттарына кіріп, бағаларды салыстырады. Мәселен, 1 бөлмелі пәтерлер 10 млн тұрса, сол бағаны қоя салады, ал кейбірі қосымша пайдаға кенелу үшін үстіне тағы 1-2 млн қосып жібереді. Сәйкесінше, басқалары осыған негізделіп, өз меншігін 10 емес, енді 11-12 млн-ға қояды. Осылайша баға шарықтай береді, шарықтай береді.

Елена Молодовская – жылжымайтын мүлік агенттігінің жетекшісі:

– Алайда, бағаны бекіткенде көпшілігі пәтердің ішкі жағдайына мән бермейді. Яғни, егер баспана жөнделген, жайлы болса, ол қымбаттау болуы тиіс, ал ескілері, сәйкесінше, арзанырақ болуы шарт. Бұл қарапайым логиканы ұстанбайтындар баршылық.

Дегенмен, бұқара баспананы қымбатқа болса да алуға дайын. Сұраныс мықты, өйткені жұртшылық жалдап тұрғанша, ипотека төлегенді тиімдірек санайды. Ал сұраныс бар жерде бағаның төмендемейтінін жақсы білеміз. Сондықтан, пәтерлер жуық арада арзандайды дегенге сену қиын.

Елена Молодовская – жылжымайтын мүлік агенттігінің жетекшісі:

 – Клиенттердің басым көпшілігі 6 млн теңгеге – бір бөлмелі пәтер немесе 2 бөлмелі баспананы 10 млн-ға тауып беруді сұрайды. Мұндай баға қазір мүлде жоқ. Егер соңғы 2-3 жылға анализ жасайтын болсақ, Петропавлда шаршы метрдің құны кемінде 2 есеге өсті.

Жылжымайтын мүлік нарығындағы жағдайды алып-сатарлар да күрделендіріп тұр. Алған пәтерін, үстіне құн қосып сататындардың кесірі қатардағы халыққа тиюде. Ол-ол ма, мемлекеттік бағдарлама бойынша арзанға алған баспанасын бірер күннен соң қымбатқа өткізіп жіберетіндер де бар. Осы орайда сарапшылар “7-20-25”, “5-10-20”, “Нұрлы жер” арқылы берілген пәтерлерді саудаға қоюға тыйым салу керек дейді. Кемінде бір жылға. Мұндай мораторий арқылы ахуалды сәл де болса түзетуге болады.

 

 

Саят Ермек