Құқық қорғау органдары

Петропавлда көлік тонап жүрген ұры ұсталды

Сырласып отырып сан соқтырып кеткен. Петропавлда таныса салып тонаған, одан қалды көлікке түсуді әдетке айналдырған кәнігі ұры ұсталды. Оның 6 бірдей қылмысқа қатыстылығы анықталып отыр. 30 жастағы баукеспе  уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу жүріп жатыр.

Қазан айында қаламыздағы бірінші полиция бөліміне тұрғындар тарапынан бірден бірнеше шағым түскен. Дені автокөліктегі жеке мүліктердің ұрланғаны туралы хабарлапты. Тәртіп сақшылары жедел-іздестіру шарасына кіріскен. Мамандар қылмыс жасалған аудандардағы бейнекамералардың жазбаларын қараған, куәгерлерден жауап алған. Нәтижесінде 30 жастағы петропавлдық ұсталды. Ол бұған дейін де машиналардағы дүниелерді жымқырып, сотты болыпты.

Әділет Жеңісов – қалалық ПБ бірінші полиция бөлімінің жедел уәкілі:

– Аталған фактілер бойынша ҚР ҚК 188-бабы 3-бөлімі мен 191-баптың 1-бөліміне сәйкес қылмыстық істер қозғалды. Қазіргі таңда оның Петропавл қаласының аумағында 6 қылмыс жасағандығы анықталып отыр.

6 заңбұзушылықтың бірі ашық түрде жасалыпты. Ұры өзімен тілдесіп отырған жанды алдап, ақшасы мен күртешесін ұрлап кеткен екен. Қазіргі уақытта қылмыскер – полиция басқармасының уақытша қамау изоляторында.

Күдікті: 

– Грабеж. – Как это произошло? – Парня ограбил в гостинице. – Познакомились: распивали пиво с ним в баре. Потом просто взял и его ограбил. Знал, что у него деньги есть, взял…

Жалпы, ағымдағы жылдың 10 айы ішінде облыс аумағында 1700-ден астам ұрлық фактісі орын алған. Оның 74 пайызы ашылыпты. Тәртіп сақшылары тұрғындарды сан соғып қалмау үшін мүліктеріне сақтықпен қарауға шақырады. Мамандардың сөзінше, әр темір тұлпарда дабыл жүйесі болуы тиіс және көлікті бейнебақылау камералары бар жерге қою қажет. Сондай-ақ, салонда ақша мен құнды заттарды қалдырмаған жөн. Ал қылмыс жасалған жағдайда бірден полицияға хабарласу керек.

Казиканова Алтынай