Денсаулық сақтау

Емханаларға тіркелу науқаны аяқталды

Емханаларға тіркелу науқаны аяқталды. Тұрғындарға / қалаған емдеу мекемесін таңдауға 2 ай көлемінде мүмкіндік берілген болатын. Бұл сәтті 18 мыңнан астам солтүстікқазақстандық пайдаланған.

Биыл тіркелу науқаны 2 әдіспен жүргізілді: тұрғындар емханаға тікелей өздері барды немесе электронды қолтаңба арқылы, яғни онлайн қызметті пайдаланды. Азаматтардың басым бөлігі бұрынғы әдісті пайдалануды жөн көрген екен. Олар ақ халатты абзал жандармен тілдесіп, кеңес алып, кейін ғана емдеу мекемесін ауыстырған. Мұндай мүмкіндікті көбіне келесі санатқа кіретін жандар қолданған:

· зейнеткерлер;
· мүгедектер;
· бала кезінен мүгедекке заң бойынша тағайындалған қамқоршылар;
· қорғаншылар не қамқоршылар, патронат тәрбиешілер;
· жазасын өтеп жатқан адамдар; (жазасын өтеу орны бойынша)
· студенттер;
· мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер;
· шет мемлекеттерде туған балалар;
· тіркеуді сенімхат бойынша ресімдейтін адамдар.

Емхана таңдау құқығын былтыр 40 мыңнан астам солтүстікқазақстандық пайдаланса, биыл 19 мыңға жуықтайды. Оның 5 жарым мыңнан астамы e.gov.kz веб-порталы арқылы тіркеліпті.

Қарлығаш Ілиясова – “ӘМСҚ” КЕ АҚ СҚО бойынша филиалының бөлім басшысы:

– Бұл сандарды салыстырғанда былтырғыға қарағанда биыл тіркелушілер 3 есеге кем. Бұл тұрғындардың басым бөлігі өз емханаларында қалғандарын білдіреді. Айта кетейін, егер адамдар тіркелмесе, олар автоматты түрде бұрынғы медицина ұйымдарында қала бермек.

Жалпы, науқан барысында азаматтарға қаланың қай аумағында тұрса да қызмет сапасы көңілдерінен шығатын емдеу мекемесін таңдау мүмкіндігі берілді. Дегенмен, мамандар тұрғындарға медициналық ұйымды тұрғылықты жеріне жақын жерден таңдауға кеңес берген екен.

Қарлығаш Ілиясова – “ӘМСҚ” КЕ АҚ СҚО бойынша филиалының бөлім басшысы:

– Емханаға тіркелген уақытта бірнеше принципке қарау қажет. Біріншіден, әрине, емдеу мекемесі тұрғылықты үйдің жанында немесе жұмыс істейтін жерге жақын болуы. Екіншіден, отбасылық принцип. Яғни бір медициналық ұйымда барлық жанұя мүшелерінің тіркелуі. Бұл тұрғындарға да, дәрігерлеге де өте ыңғайлы болады.

Биыл өңір бойынша тіркелу науқанына 17 медициналық ұйым қатысты. Оның 13-і аудандық деңгейдегі емханалар болса, 4-уі – қалалық.
Науқан аясында қаралатын емдеу мекемесін ауыстырған жандар сол нысандағы медициналық қызметке келесі жылдың қаңтар айынан бастап жүгіне алады. Ал оған дейін бұрынғы емдеу орнына баруы тиіс.

Дана Сәлімқызы