МТРА жаңалықтары

“Антикор” орталығында онлайн-қоғамдық қабылдау өтті

Татьяна Криворучко есімді жерлесіміз соттың шығарған шешіміне қатысты келіспеушілігін білдіруде. Былтыр оның алаяқтық жасады деп айыпталған ағасын қалалық сот 4 жылға бас бостандығынан айырған. Үкім шығарушы орган істі біржақты қарады дейді нәзікжанды. Ағасының кінәсіз екендігіне сенімді Татьяна істі қайта қарауды өтінеді.

Татьяна Криворучко – қала тұрғыны:

– Сот 9-шы қазан күні ағама алаяқ деген айып тағып, бас бостандығынан айырды. Бірақ, оның бұл іске еш қатысы жоқ. Бәзбіреулер бауырымның баспанасының құжатын ұрлап, үйді басқа біреуге сатып жіберген. Кейін ағам үйін қайтарып алмақшы болып сотқа жүгінеді. Ақыры ол сатып алу және сату ісіне қатысы бар деп күдіктеліп, соңында бас бостандығынан айырылды.

Сыбайлас жемқорлықпен күрес өкілдері бұл сұрақ біздің құзыретімізге жатпайды және соттың шешіміне қарсы келуге хақымыз жоқ дейді. Бірақ, өздерінің ақыл-кеңестерімен бөлісті. Департамент басшысы Ернар Баянғазин нәзікжандыға жоғары тұрған қадағалаушы органдарға немесе облыстық сотқа жүгіну қажет екенін айтты. Сондай-ақ, сауалына қатысты «Adal komek» жобасы аясында жан-жақты заңгерлік көмек беруге уәде етті. Ал келесі сұрақ жас отбасынан түсті. Қос жұп мемлекеттік бағдарлама аясында баспана ала алмай отырмыз дейді. Ипотека рәсімдеу ісінде де біраз қиындықтарға тап болған көрінеді. Бұл мәселе “Қызылжар – адалдық алаңы” жобалық кеңсесінде қаралатын болып шешілді.

Ернар Баянғазин – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаментінің басшысы:

– Бүгін қабылдаған 2 сұрақ бойынша айтатын болсақ, олар біздің құзыретімізге жатпайды. Бірақ, халықтың қамын ойлап, сауалдарды өз қарауымызға аламыз және мәселені шешудің жолдарын көрсетеміз.

Жалпы, соңғы 10 айдың ішінде департаментке өңір тұрғындарынан жемқорлық фактілері жайлы 442 сауал келіп түскен. Пандемияға байланысты сұрақтардың дені аптасына бірнеше рет онлайн форматта қаралады.

 

 

Бердимурат Баймухан