МТРА жаңалықтары

“Адал ұрпақ” ерікті мектеп клубтарының онлайн-слеті өтті

Парақорлыққа қарсы күрес – мектеп қабырғасынан. 2017 жылдан бері облыстағы білім ошақтарында ерікті оқушылардың “Адал ұрпақ” клубтары жұмыс істейді. Бүгін олар жыл сайынғы дәстүрлі слетті онлайн форматта өткізді. Жемқорлықты – қас, ал адалдықты дос санайтын жеткіншектермен жауапты ведомство басшысы Ернар Баянғазин тілдесті.

Осыдан бір жыл бұрын оқушылардың “Адал ұрпақ” клубтары Петропавлдағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде бас қосқан еді. Ал биыл коронавирус пандемиясы дәстүрлі слетті ZOOM кеңістігіне көшірді. Бұл ұйымдар “Антикор”-дың бас болуымен отандық білім ошақтарында осыдан 3 жыл бұрын құрыла бастады. “Адал ұрпақ” – мектептерде, ал “Саналы ұрпақ” – колледж-университеттерде. Көзделген мақсат – өскелең ұрпақтың бойында жемқорлыққа төзімсіздікті қазірден қалыптастыру.

Ернар Баянғазин – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаментінің басшысы:

– Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен жас ұрпақтың тәрбиесіне ерекше мән берілуде. Аталарымыз “Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің”,-деген. Сондықтан, отбасы, мектеп пен қоршаған ортадан тек өмірге пайдалы әрі өнегелі тәрбиені алу қажет. Бұл бағытта “Адал ұрпақ” және “Саналы ұрпақ” клубтарының орны бөлек.

Бұл ерікті ұйымдарға облыс бойынша бүгінде 20 мыңнан астам білім алушы мүшелік етеді. Олар сессия кезінде оқытушыларға пара бермейді, бес алу үшін мұғалімдерге тарту жасамайды. Ең бастысы – өзге қатарластары мен құрбы-құрдастарына үлгі көрсетіп, оларды бармақ басты көз қыстылықтан мейлінше аулақ болуға шақырады. Клуб белсенділері өздері білім алатын мекемеде тақырыптық дебаттар, парақорлыққа қарсы форумдар, тәрбие сағаттарын, қойылымдар мен концерттерді ұдайы өткізіп тұрады. Тіпті, эпиджағдай да қоғам кеселіне қарсы бұл күресті тоқтатпаған. Көктемнен бері іс-шаралардың бәрі онлайн форматта ұйымдастырылып жатыр. Осылайша, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру үрдісі мектеп қабырғасынан басталуда.

Алик Шпекбаев – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы:

– Білім ұйымдарының сыбайлас жемқорлыққа қарсы ағарту саласындағы белсенді әлеуметтік сала екені сөзсіз. Дегенмен, менің ойымша жастарда жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыруда отбасы, нақтырақ айтқанда оның тәрбиелік функциясы ең маңызды рөл атқарады. Отбасында өскелең ұрпақтың тәрбиесіне ерекше назар аударылуы тиіс, себебі баланың санасы мен құқықтық мәдениеті оның тәрбиесіне байланысты. Егер оның бойында ар-ұят, әділдік пен парасат болса, ол ешқашан заң бұзбайды, демек сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылығын жасамайды және халқына адал қызмет етеді.

“Адал ұрпақ” клубтары өңірдің 435 мектебінде ашылған, ал колледждер мен өңірдегі жалғыз университетте 23 “Саналы ұрпақ” жобалық кеңсесі жұмыс істейді. Жемқорлыққа қарсы бұл қозғалыс бүгінде барлық аудандарды қамтыған.

Саят Ермек