Аптадағы маңызды жаңалықтар

Өткен тәулікте 61 жерлесімізден коронавирус табылды

Ештеңе жасырылып отырған жоқ. Президенттің кешегі сынынан кейін солтүстікқазақстандық шенеуніктер түсініктеме берді. Айтуларынша, коронавирус жұқтырған жаңа науқастар туралы мәліметтерді өңдеуде қателік кетен. Бұл шақта індет жұқтырғандардың саны геометриялық прогрессияда артуда. Соңғы 7 күнде 331 жерлесімізге “COVID-19” диагнозы қойылған.

Солтүстік Казақстанның шекарада орналасқанын ескерсек, облыста індетті көрші елден тасу жағдайлары толастар емес. Соңғы 1 айда шекара бекеттерінен 22 жарым мыңға жуық адам өткен. Олардың 162-сі “COVID-19”-ды жұқтырған болып шықты. Ішкі жағдай да мәз емес. Науқастардың саны апта бойы толассыз артуда.

– Соңғы 7 күндегі ахуал мынадай: қарашаның 10-ы тәжді вирус 30 жерлесімізден анықталса, 13-і күні 51-ге бір-ақ жетті. Жексенбіде індетті 57 солтүстікқазақстандық жұқтырса, өткен тәулікте инфекция тағы 61-інен табылды.

Президент кеше бұл статистиканың шынайылығына күмән келтірді. Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар аймақтардың жаңа жағдайларды жасырып, жалған мәлімет бергенін айтты. Шығыс Қазақстан, Павлодар, Ақмола, Қостанай өңірлерімен қатар бұл тізімде Солтүстік Қазақстан облысы да бар. Мемлекет басшысының сөзінше, сандарды бұрмалап, көзбояушылыққа бару бүтін елдің коронавируспен күрестегі стратегиясын бұзады. Алайда, жергілікті шенеуніктер біз ештеңені жасырып отырған жоқпыз дейді. Есептеуде қателіктер кеткен-мыс.

Әсет Жұматаев – қалалық қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы:

 – Статистикалық есептер бойынша көрсеткіштердің әртүрлі болуы байқалады. Осыған орай Президенттің тапсырмасы бойынша бізде статистикалық медициналық факторларды дұрыстау бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Саят Ермек – тілші:

– Ресми ақпарға сенсек, қазір инфекциялық стационарларда 335 жерлесіміз коронавирустан емделіп жатыр. 21-інің жағдайы ауыр. Күнделікті ауруханаларға 20-50 жаңа науқастан түседі. Қазір 100 мың адамға шаққандағы сырқаттану деңгейі облыста 59 адамды құрап отыр. Осылайша, теріскей қауіптіліктің қызыл зонасында.

Алайда, мамандар бұқараға жасыл, сары, қызыл аймақтар турасында бас қатырмауға кеңес береді. Бұл мәліметтер негізінде санитарлар мен шенеуніктерге керек. Эпиджағдайды бақылап отыру үшін.

Әсет Жұматаев – қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы:

– Карантиндік шараларды күшейті не жұмсарту бойынша шешім қабылдау үшін бұл аймақтар керек. Мәселен, жұма күні тіркелген науқастар саны көп болғанымен, біз жасыл аймақта болдық. Өйткені, репродуктивтілік сан 1-ден төмен болды. Бүгінгі таңда біз қызыл аймақтамыз. Мұны қатардағы тұрғындарға қадағалап керек емес.

Петропавл мен 8 аудан карантинге жабылып, блокбекеттермен қоршалғалы 1 аптадан асты. Ал инфекцияның инкубациялық кезеңі 14 күнді құрайды. Сондықтан, шектеулер шынымен де көмектесті ме, жоқ па – келесі аптада белігілі болады. Бүгінде облыста ИВЛ апараттары мен оттегі концентраторлары жеткілікті. Қазіргі таңда 955 төсек орын дайын тұр. Алдағы бірер күнде тағы 200 кереует жайылмақ. Ал бұқарадан тек бәр нәрсе талап етіледі дейді дәрігерлер. Ол – жауапкершілік.

Нұрлан Айманов – облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

– Көктемгі және жазғы уақытпен салыстырғанда біз індетпен күреске жақсырақ дайындалдық. Бірақ, халық қарапайым санитарлық ережелерді ескермесе, той-томалақты астыртын өткізуді доғармаса, әзірліктен қайыр шамалы. Ең қызығы, коронавирус диагнозы расталып, стационарға түскен әрбір үшінші науқас маска көмектеспейді деген пікірді ұстанады. Осыдан кейін жағдайдың тұрақталуы туралы айтуға бола ма?

Нұрлан Аймановтың айтуынша, осыдан екі апта бұрын ашылған Петропавлдағы жаңа модульдік инфекциялық аурухана бүгіннен бастап пациенттерді қабылдай бастады. Оған жағдайы аса ауыр науқастар жатқызылады. Емдеу мекемесінде 18 орынға шақталған 2 реанимация залы бар. Еске салайық, нысанды тұрғызу мен ішін толықтай жарақтауға 7 млрд теңге жұмсалған болатын.

Саят Ермек