Құқық қорғау органдары

Петропавлда күш құрылымдары гарнизондық сап түзеді

Петропавлда күш құрылымдары кезекті рет гарнизондық сап түзеді. Жиында облыс орталығында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге шығатын 400-ге жуық тәртіп сақшысы мен сарбаздардың  дайындығы мен техникаларының жағдайы тексерілді.

Кезекті гарнизондық сап түзеу шарасы бұл жолы «Динамо» стадионында ұйымдастырылды. Тәртіп сақшылары мен 6637 әскери бөлімінің жауынгерлері байқаудан өтпес бұрын, марапаттау рәсімі ұйымдастырылды. Мұнда үздік деген мамандар құрметке бөленді.

Полиция департаментінде еңбек ететін 2 қызметкердің шені өсті. Қос тәртіп сақшысына «подполковник» атағы берілді. Тағы, 3 маманға 2-ші және 3-ші дәрежелі «Ішкі істер органдарындағы мінсіз қызметі үшін» медалі табыс етілді. Одан соң, құқық қорғаушылар мен сарбаздардың сыртқы киімі мен арнайы техникаларының жағдайы тексерілді.

Жалпы, Петропавлда мұндай саптық байқау айына бір мәрте ұйымдастырылып тұрады.

Маржан Касымбек