МТРА жаңалықтары

Екі жарым айға созылған праймериз өз мәресіне жетті!

Екі жарым айға созылған праймериз өз мәресіне жетті! “Nur Otan” партиясы жергілікті филиалының кезектен тыс 31-ші конференциясында болашақ депутаттардың есімі белгілі болды. Облыстық мәслихатқа 48 жерлесіміз өтті. Олардың 33 процентін – әйелдер қауымы, 21 пайызын жастар құрайды. Сондай-ақ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты мандатынан үміткерлер де анықталды. Партиялық тізімге СҚ-нан 3 азамат өтті.

Жиын партияның 2021-2025жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасын бекітуден бастау алды. Маңызды құжат өңір экономикасын өркендетіп, қолайлы және қауіпсіз өмір сүруге арналған ортаны дамытуға бағытталған ауқымды жұмыстарды қамтиды.

Әсем Рахметова – «Nur Otan» партиясы СҚОФ төрағасының бірінші орынбасары:

– Облыс бойынша сайлауалды бағдарламалардың 15 жобасы әзірленді: 1 – облыстық, 1 – қалалық және 13 – аудандық. Артықшылықтары мен кемшіліктерін талқылау үшін өңірлік жобаны праймериз ақпараттық жүйесінде жарияладық. Өлкедегі партия мүшелерінен 1150 ұсыныс түсті. Оның 978-і сайлауалды бағдарламада қарастырылған. Тағы 81-і пысықталып, жобаларға енгізілді. 19-ы бойынша қазір шаралар қабылдануда. Ал 10 ескерту республикалық деңгейдегі мәселелерге жатады.

Көпті толғандырған сұрақ, әрине, көлік және инфрақұрылымға байланысты. Ұсыныстардың 34 проценті аталған салаға қатысты болған. Тағы 25 пайызы баспана мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығындағы мәселелерді қамтиды. Қалғандары білім беру, денсаулық, бизнес, экономика мен ауыл шаруашылығы секторларының проблемаларын шешуге бағытталған. Әр ұсыныс ескеріліп, сайлауалды бағдарлама толық жүзеге асырылса, өңір тұрғындарының әл-ауқаты айтарлықтай жақсарады дейді Әсем Рахметова. Жоспарларды орындауға алдағы уақытта партияның әрбір мүшесі ат салысатын болады. Бірақ, үлкен үміт Мәжілістің болашақ депутаттарына артылмақ. Праймеризге өлкемізден 632 азамат қатысып, бақ сынады.

Кеңес Мұқышев – “Nur Otan” партиясы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары:

– Праймериздің екінші кезеңіне ең көп дауыс жинаған 16 қатысушы өтті. Үміткерлерді 3 топқа бөлдік. Қазір олардың барлығы пікірсайыс алаңында өз кейсін, яғни сайлауалды бағдарламасын қорғайтын болады. Ең үздіктері Парламент Мәжілісіне өтеді.

Пікірсайыс регламенті – 3 минут. Осы уақыт ішінде депутаттықтан үміткерлер айқын жоспарларымен бөлісіп үлгерулері қажет. Сайлауалды бағдарламалардың арасында ұқсастық бар. Себебі, қатысушылардың көздегені білім сапасын арттырып, медицинаны дамытып, халықтың тұрмысын көтеру. Ауылдардың болашағы турасында да біраз ойлар айтылды. Қазір елдімекендіктер қалаға ағылуда. Мұндай тенденцияны тоқтату үшін ағайынға тиісті жағдай жасау керек. Тағы кандидаттар ауыл шаруашылығы, көлік, ТҮКШ пен экологиядағы проблемаларды шешу тетіктерін ұсынды.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Праймеризді ұйымдастырудың басты мақсаты – белсенді азаматтарды іріктеу. Меже орындалды. Қатысушылар әр кезеңге дайындалу барысында, біраз мәселелерді көтеріп, оларды шешу жолдарын ұсынды.

Дебаттың қорытындысы бойынша 3 жерлесіміз үздік деп танылды. Ең көп дауыс жинаған – «Зенченко и К» КС бас директоры Геннадий Зенченко, «Солтүстік» ӘКК» АҚ басқарма төрағасы Есжан Оразалин мен «Заң қызметкері орталығы» серіктестігінің директоры Дмитрий Колода партиялық тізімге еніп, Мәжіліс депутаты мандатына бір адым жақындай түсті.

 

Эльмира Садвокасова