Мәдениет

Абайдың 175 жылдығына арналған онлайн-шара өтті

Қазақ ойшылының өшпес мұрасы. Осындай атаумен Сәбит Мұқанов атындағы облыстық кітапханада  Абайдың 175 жылдығына арналған онлайн-жиын өтті. Әдеби-танымдық шараны оқырмандар мәдени ошақтың  инстаграм, фейсбук желілеріндегі парақшаларынан тамашалай алады.

Диана Тургунова – жергілікті Мағжан Жұмабаев атындағы жоғары колледжінің студенті. Бүгінгі іс-шарада болашақ педагог кітапхана оқырмандарын Абай атамыздың өмірбаянымен таныстырып, 25-ші қара сөзін үш тілде жатқа оқып берді.

Диана Тургунова – М.Жұмабаев атындағы жоғары колледжінің студенті:

– Абайдың біздің елімізде алатын орны ерекше. Қазақстанның көптеген қалаларында ақынға арналған ескерткіштер бар және де көше мен даңғылдарға Абайдың атын берген. Мен бүгін Абайдың 25-ші қара сөзін оқып беремін. Өйткені, 25-ші сөзде тілдің қасиеті мен балаға қандай тәрбие беру керек екендігі айтылған.

С.Мұқанов атындағы облыстық кітапхана ұжымы қазақтың біртуар ақыны Абай атамыздың мерейтойына арналған бірталай іс-шаралар өткізуде. Бірақ, елдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты тұрғындар мұның бәрін онлайн форматта тамашалауға мәжбүр.

Ляна Овчаренко – С.Мұқанов атындағы облыстық кітапханасының бөлім жетекшісі:

– Абай Құнанбайұлы – еліміздің тарихы мен әдебиетімізде өзіндік орны бар ерекше тұлға. Оның шығармаларын оқыған әр адам білім алып, рухани азықпен сусындайды. Биыл көрнекті ақынның мерейтойына арнап көптеген іс-шара өткізіп жатырмыз. Мұның барлығы тұрғындарды Абай Құнанбаевтың өмірімен және жазған еңбектерімен таныстыру үшін ұйымдастырылып отыр.

Алтынай Қазиқан – тілші:

– Ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының шығармашылық мұрасы – қазақ халқының ғасырлар бойы маңызын жоғалтпайтын қазынасы. Жылдар өтіп, заман өзгерсе де оның әр сөзі өзектілігін жойған емес. Қазіргі таңда дара тұлғаның өлеңдері мен қара сөзін жаттайтын жастар күн санап артып келеді.

 

 

Казиканова Алтынай