Құқық қорғау органдары

СҚО-да бекеттен өтуге тырысқан тұрғындардың 20%-да анықтамасы жоқ

Өңірде карантин қағидалары күшейтіліп, блокпосттардың қайта қойылғанына – тура 1 апта. Полиция қызметкерлерінің айтуынша Бескөл ауылының тұсындағы бекеттен күніне жүздеген көлік өтуге тырысады. Алайда, жүргізушілердің 30%-да  арнайы анықтамасы жоқ болып шығады екен. Олар бірден кері қайтарылады.

Індет екінші рет тап беріп, көпшілікті әбден әбігерге салғаны рас. Бәле болған ауруды ауыздықтау үшін енгізілген шектеулерге тұрғындардың бірі түсіністікпен қараса, тағы бірі қитұрқы әрекет қолданады. Тіпті, бекеттен арнайы рұқсат қағазынсыз өту үшін айласын асырып, қулық танытуға тырысатындар да бар екен.

Руслан Байтұрсынов – Қызылжар ауданы ПБ учаскелік инспекторы:

– Әр түрлі адамдар болады. Біреулер бізді алдауға тырысады. Ауруханаға бара жатырмыз, бензин құйдырып аламыз деп алдайтындар көп. Оларды өткізбейміз. Кері қайтарамыз.

Себебі, талап бәрімізге ортақ. Учаскелік полиция инспекторы Руслан Байтұрсынов коронавирустың бірінші толқыны кезінде де тік тұрып, тәулік бойы бекетте қызмет етіпті. Жүктелген міндетті абыроймен атқаратын азамат бұл жолы да өзінен бұрын, өзгенің қауіпсіздігін ойлайтын жандардың қатарына қосылған. Тәртіп сақшысы үшін бұл – жұмыс емес, өмірлік ұстаным.

Руслан Байтұрсынов – Қызылжар ауданы ПБ учаскелік полиция инспекторы:

– Әр қазақстандықтың міндеті – өз елін, Отанын қорғау деп ойлаймын. Әрине, үйде бала-шағамыз бар. Оларға жұқтырмау үшін киімдерді ауыстырып барамыз.

Ал Ақыл Байтеңізовтың тәртіп сақшысы атанғанына небәрі 3 жыл болыпты. 24 жастағы маманға коронавирус белең алған уақытта жұмыс істеу бастапқыда аздап қиынға соққан көрінеді. Десе де, антына адалдығының арқасында бойдағы толқынысты оңай еңсерген. Тәртіп сақшысының негізгі міндеті – жүргізушілер тізгіндеген көліктің арнайы базаға тіркелгендігін тексеру.

Ақыл Байтеңізов – Қызылжар ауданы ПБ учаскелік полиция инспекторы:

– “Сергек” деп аталатын база бар. Онда жергілікті әкімдіктер қалада жұмыс істейтін адамдардың аты-жөні мен көлігінің нөмірін тіркейді. Егер тізімде тұрғынның мәліметтері болмаса, бекеттен өткізілмейді.

Жұдырық болып жұмылсақ, алынбайтын қамал, шегінбейтін ауру жоқ. Өзіміз бен жақындарымыздың амандығын ойлап, санитарлық талаптарды сақтап жүруге кеңес береді полиция қызметкерлері.

– Мамандардың өздері.

– Шараларды сақтайық. Бәріміз біріксек, ауруды тез жеңеміз.

– Соблюдайте требование. Надевайте маски.

Маржан Касымбек