ТКШ

Коммуналдық кәсіпорындар қала көшелерін қардан тазартуда

Биыл облыс орталығын қардан тазалаумен 14 кәсіпорын айналысады. Қыс келгелі бері сыртқа / ақ ұлпаның 1700-ден астам текше метрі шығарылған. Жұмыстың басым бөлігі / көлік кептелісін тудырмас үшін негізінен түнгі уақытта жүргізіледі.

Крепостная көшесінде көбіне зейнет жасындағы жандар тұрады. Олардың басым бөлігі қазір қолдарына күрек ұстап, далада жүр. Барлығы кешеден бері жауған қарды жинауда. Солардың бірі – Александр Столяров. Қарт іске таң атысымен кірісіпті. Айтуынша, түскен ақ ұлпаны күнде бір жерге үйіп отыру қажет. Сонда жүру жеңілдейді әрі коммуналдық қызметкерлер көліктеріне оңай тиеп алады. Ал қар сыртқа шығарылмаса, баспананы көктемде су басуы мүмкін.

Александр Столяров – қала тұрғыны:

 – Былтыр біздің ауданға коммуналдық қызметкерлер бір-екі рет ғана келіп, көшемізді қардан тазартты. Алайда, үйдің алдындағы үйінділерді сыртқа шығарған жоқ. Сондықтан, өз қаражатымызға техника жалдадық. Ал биыл бәрі өзгеше. Мамандар қар жауғалы бері 3 рет аумақтағы ақ ұлпаны жинап, қала сыртына алып кетті.

Коммуналдық қызмет өкілдерінің ісіне Пушкин көшесінде тұратын 80 жастағы Раиса Сахнова да дән риза. Жалғызбасты зейнеткер қарттығына қарамастан маңайдағы қарды өзі жинап, бір жерге үйіп қояды екен. Одан кейінгі істі коммуналдық қызмет тындырады.

Раиса Сахнова – қала тұрғыны:

 – Көше бойын жұмысшылар күнде тазартып отырады. Шаруаның басым бөлігі түнгі уақытта атқарылады. Жұмысшыларға алғыстан басқа айтарым жоқ. Әр адам үйінің ауласындағы қарды ерінбей өзі тазалап отыруы қажет. Сонда баспана алды жинақы тұрады әрі көктемде маңай саз-батпақ болмайды.

Бүгінде Петропавл көшелерін қардан тазалау ісі қызу жүріп жатыр. Биыл бұл шаруаға 14 бірдей мердігер ұйым жауапты. Барлығын бірге қосқанда 70-ке жуық адам мен 65 бірлік техника бар. Айта кетейік, мамандар автокөліктердің қозғалысына кедергі келтірмеу үшін жұмыстың басым бөлігін кешкі сағат 10-мен таңғы 6-ның аралығында жүргізеді.

Әсем Айтолла – қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы:

– Қала 10 бағытқа бөлінеді. Әр мекеме бірнеше көшеге жауапты. Жұмыстар жүріп жатыр. Олар жолдарды ғана тазалап қоймайды, жолдағы жиектерді де тазалайды. Жалпы, қазанның 25-інен бүгінге дейін қаладан 1700-ден астам текше метр ақ ұлпа шығарылды.

Бұдан бөлек, биылғы қауырт маусымға 2,5 мың текше құм-тұз қоспасы дайындалған. Бүгінде инертті материал көктайғақ жолдарға және тротуарларға себілуде. Нақтырақ айтатын болсақ, дәл қазір мұндай шаруа Заречный кенті мен Береке ықшам ауданында атқарылуда.

 

 

Ешкенова Дана