МТРА жаңалықтарыҚұқық қорғау органдары

Көктайғақтың әлегі

Абайлаңыз, көктайғақ! Күн райы бұзылып, жолдарды қатқақ басқалы  жығылып, жараланған жерлестердің саны артқан. Соңғы 3 күннің өзінде қалалық көпбейінді ауруханаға түрлі жарақаттармен 30 тұрғын жүгініпті. Жолдардағы жағдай да мәз емес. Соңғы аптада қала ішінде жол-көлік апаттары да жиі орын алатын болды. Қысты балдаққа сүйеніп өткізбеске қандай ережелерді есте ұстау керек.

Жарақат бөліміне жүйткіп жеткен жедел жәрдем зеңбілінде – ер адам. Үй маңындағы дүкенге барар жолда аяғы күрт тайып, сан сүйегін сындырған. Зақым алған азамат бірден операция үстеліне жатқызылды, ал дәлізде зайыбы Екатерина Орлова күтіп отыр. Сөзінше, қар түсіп, күн суығалы көшеде аяқ алып жүру әжептәуір қиындаған.

Екатерина Орлова:

– Тротуарлардың үсті де, жолдар да көктайғақ. Біз тұратын көшеге құмның себілгенін бірде-бір рет көрген емеспін. Енді, міне, күйеуім құлап, ауруханаға түсті. Жергілікті биліктен коммуналдық қызметтердің жұмысын бақылауға алуды сұраймын.

Бір ғана қалалық көпбейінді аурухананың жарақат бөлімшесіне өткен жұма мен жексенбі аралығында 120 адам түскен. Олардың 30-ы – көктайғақтан жапа шеккендер. Басым көпшілігі жай ғана көгерумен құтылса, оңбай жығылып, сүйегі зақымданғандар да баршылық.

Валерий Грибашов – қалалық көпбейінді аурухананың жарақат зардабын емдеу пунктінің меңгерушісі:

 – Ең көп таралған жарақаттар – тобықтың және шынтақтың сынуы. Сондай-ақ, көшеде құлағандар иығы мен балтыр сүйегінің сынуымен жиі жүгінеді.

Мұндай жарақаттар тез емделмейді. Мәселен, тобық сынса кемінде бір ай гипспен жүру керек. Дәрігерлердің айтуынша көктайғаққа қарсы басты қару – асығыстық танытпау. Қыста көшелермен ақырын, байыппен, абайлап жүру керек. Одан қалды, қысқы етікті де жиі ауыстырмау маңызды. Өйткені, жаңасына үйренбеген аяқтан арандап қалу – әп-сәттік дүние.

Саят Ермек – тілші:

 – Көқтайғақта көшеде келе жатып, жалп етіп құламасқа бірнеше маңызды ережені ескерген жөн. Біріншісі нәзікжандыларға тікелей байланысты. Қысқы уақытта жіңішке әрі биік өкшелі етік жайлы уақытша ұмытқан абзал. Керісінше, қысқы аяқ киім ауыр, табаны резеңкеден жасалған және қалың болуы тиіс. Екіншіден, қолды қалтада ұстап жүрмеу керек. Өйткені, тайып кеткен жағдайда артқа баспен кетуіңіз мүмкін. Ал үшінші маңызды ереже жолды кесіп өтерде абай болу. Бір сәтке телефоннан көз алып, құлаққапты шешіп, жан-жаққа қарап алу керек. Көктайғақта жылдамдықпен келе жатқан көліктің лезде тоқтай алмайтынын ескерген жөн.

Қыс келіп, қатқақ түсісімен көшелердегі жағдай, шынымен де, шиеленісті. Желіде ана жерде апат болды, мына жерде авария деген жазбалар жиіледі. Жұма күні Жұмысшы кентінде жолда соқтығысып қала жаздаған қос автобустың бірі жарық бағанасымен сүзісіп тынды. Маршрутка жүргізушісі тежеуішті басқанымен, сырғанай барып, столбыны құлатты. Абырой болып, бағана тұрақтағы көліктерді зақымдамады. Ал бұл кадрлар бүгін таңертең түсірілген. Жұмабаев пен Интернационалдың қиылысында Ниссан мен Лада маркалы машиналар соғылды. Себеп – сол көктайғақ. Сондықтан, жазғы дөңгелегін қысқысына ауыстырмағандарға асыққан жөн дейді полицейлер. Өйтпегендер өзінің де өзгенің де басын қатерге тігеді.

Баян Байғаскина – СҚО ПД ЖПҚБ аға инспекторы:

– Көлік құралдарының дөңгелегін уақытылы ауыстырған жүргізуші өзін жолда сенімдірек сезінетін болады.

Петропавл әкімдігі де көктайғақпен шама келгенше күресіп жатырмыз дейді. Күнделікті қала көшелеріне құм мен тұз қоспасы себіледі екен. Ресми мәліметтерге сәйкес, биылғы қысқа мұндай қоспаның 2,5 мың текше метрі әзірленіп қойған. Күндіз көлік қозғалысына кедергі келтірмеу үшін шаруа түнде атқарылады екен.

 

 

Саят Ермек