Ауыл шаруашылығы

Форвардтық сатып алулар өз мәресіне жетуде

Форвардтық сатып алулар өз мәресіне жетуде. Биыл Азық-түлік корпорациясы аққайыңдар өлкесінің аграрийлерінен астық сатып алуға  10,3 млрд теңге бөліпті. Нәтижесінде ұлттық компания жергілікті 59 аграриймен келісім шарт жасасқан. Диқандар бүгінге дейін бидайдың 90 пайызын өткізген.

Аграрийлер үшін жеңіл ақша! Азық-түлік корпорациясының мамандары форвардтық сатып алуды дәл осылайша сипаттайды. Неге десеңіз бағдарламаның диқандар үшін тиімділігі мол. Мәселен, көктемде егін егіп, жаз бойы тыңайтқыштар мен гербицидтерді сіңіріп, техниканы сайлау үшін қомақты қаражат қажет. Оны екінші деңгейлі банктерден рәсімдеу оңай емес. Себебі, қаржы ұйымдары кепілзат талап етеді. Бірақ, аграрийлердің ауылдағы үйін сол кепілзат ретінде қабылдамайды. Қажетті соманы пайыздық үстемеақысыз қайдан алуға болады? Бұл ретте агробизнесмендерге көмекке азық-түлік корпорациясы келеді.

Сағат Төлеу – «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» ҰК» АҚ СҚО өкілдігінің директоры:

– Аграрий продкорпорациямен келісім шарт жасасады. ҰК диқандарға бидайдың бір тоннасы үшін бірден 50 мың теңгеден төлейді. Қаражатты ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер егістікке қажет дүниеге жұмсайды. Ал күзде жинаған өнімін бізге келіп тапсырады. Астықты бірнеше фактор бойынша бағалаймыз. Мәселен, 3-ші сұрыпты ырыздықтың кілегейлігі 23 болса, онда белгіленген бағаға сәйкес 83 мың төлеуіміз қажет. Бірақ, оның 50 мыңын алдын ала төлегендіктен, тек қалған сомасын табыстаймыз.

Ағымдағы жылы біздің өңірімізге ұлттық компания 10,3 млрд теңге бөліпті. Бұл сомаға 215 мың тонна бидай сатып алу жоспарланды. Межені орындау үшін корпорация жергілікті 59 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушімен келісім шарт жасасқан. Бүгінде аграрийлердің 90 пайызы ала жаздай өсірген астығын өткізіпті. Мамандар алтын дәннің тоннасын 78 мыңнан 87 мың теңгеге дейін бағалауда.

Сағат Төлеу – «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» ҰК» АҚ СҚО өкілдігінің директоры:

– Біз үшінші және төртінші сұрыпты бидайды қабылдаймыз. Биыл кілегейлігі 23 болатын астық үшін – 83 мың, ал 25 болатын алтын дән үшін 85 мың теңге төлейміз. Егер көрсеткіш 27 не одан жоғары болса, онда тоннасы 87 мың теңгеден қабылданады. Төртінші сұрыпты ырыздық 78 мыңға бағаланды.

Корпорациямен биыл келісімге отырып, өз міндетін толық орындаған аграрийлер астықты келесі жылы да тапсыра алады. Бұл ретте жауапкершілігі жоғары диқандарға бірқатар жеңілдік те қарастырылмақ.

 

Эльмира Садвокасова