МТРА жаңалықтарыҚоғам

5 айлық баласымен көлікте түнеп шыққан ата-ана жауапқа тартылады

Жауапсыз ата-ана жауапқа тартылады. Жуырда 5 айлық баласымен бірге көлікте түнеп шыққан жұптың әрекеті  жұрттың жағасын ұстатты.

Тәртіп сақшылары үшеуін келесі күні анықтапты. Полудино селосында тұратын 37 жастағы жауапсыз ана мен оның 29 жастағы азаматтық некедегі күйеуі ешқайда жұмыс істемейтін болып шықты. Олардың тұрақты түрде алкогольді ішімдік ішіп тұратындары да белгілі болды. Отбасы мүшелері отағасының шешесінің үйінде тұрады екен. Өздері үнемі жанжалдасатын көрінеді. Содан үй иесі мас күйдегі екеуін қуып шыққан. Қайда барарларын білмеген соң баланы алып көлікте қонуға мәжбүр болған. Жаға ұстатарлық жайтты полиция қызметкерлері кезекті рейд барысында көріп қалған.

Елена Завьялова – қалалық әкімдік жанындағы кәмелет жасқа толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның хатшысы:

– 5 айлық сәби бірден облыстық балалар ауруханасына жеткізілді. Қазір жағдайы тұрақты. Сәл кешіккенде денсаулығына зиян келуі мүмкін еді. Бүгінде бала – Сәбилер үйінде. Ал әке-шешесіне қатысты тиісті материал жинақталуда. Екеуі ата-ана құқығынан айырылуы мүмкін.

Тергеу жұмыстары барысында келіншектің тағы бір баласы бар екені анықталды. Тек басқа адамнан. 10 жас шамасындағы қыз бүгінде 5-ші сыныпта оқиды екен. Қазір әкесімен бірге тұрады. Жеткіншектің айтуынша, анасы оны суық үйде тамақсыз әрі жалғыз қалдырып жүріпті.

Елена Завьялова – қалалық әкімдік жанындағы кәмелет жасқа толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның хатшысы:

– Келіншек пен ер адам жұмыс тауып, баланың өсуіне қолайлы жағдай жасаймыз деп уәде беріп отыр. Бірақ, қазір Әкімшілік кодекстің 127-бабы бойынша іс қозғалып, тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде. Қорытынды шешімді алдағы уақытта сот шығарады.

Мамандардың айтуынша, өңірде мұндай қатыгездік таныту жағдайлары жиілеп кеткен. 9 айда арнайы комиссия ата-ананың міндетін орындамай жүрген 60-қа жуық отбасыға қатысты ата-ана құқығынан айыру туралы материал жинақтаған.

Бисенова Жанна