МТРА жаңалықтары

№12 орта мектебіне жаңа автобус сатып алынады

Бүгін облыс орталығында қалалық қоғамдық кеңесінің отырысы өтті. Жиын барысында кеңес мүшелері №12 мектепте оқитын ұл-қыздардың ата-аналары көтерген мәселені талқылады. Себебі, қаланың шеткері аумағында тұратын балалар білім ошағына дейін 4 шақырым жаяу жүреді екен.

Биыл қала әкімінің қоғамдық қабылдауына Кирпичный ықшам ауданының бір топ тұрғыны келіп, шаһар басшысына өз базыналарын жеткізген еді. Балалары 12-ші мектепке жету үшін 4 шақырым жаяу жүреді екен. Барлығы – 60 оқушы. Табанын тоздырып жүргендердің жартысы – бастауыш пен даярлық сыныбында оқиды. Осы орайда ата-аналар Болат Жұмабековтен шәкірттерді тасымалдайтын автобус беруді сұраған.

Динара Рақышева – қалалық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

– Бүгінде аталған білім ошағының кезекші сыныптарында 20 бала оқиды. Балаларды тасымалдау үшін біз білім басқармасына келесі жылы 22 орынға арналған автобус сатып алу жөнінде өтінім жолдадық. Бұл ретте қоғамдық кеңес өкілдерінің, яғни сіздердің рұқсаттарыңыз керек. Техниканың құны 20-дан 35 млн теңгеге дейін жетеді.

Қоғамдық кеңес мүшелері бұл ұсынысты бірауыздан қолдады. Бірақ, балаларды тасымалдау жөніндегі құжатқа бірнеше өзгеріс пен толықтыру енгізу керек екенін жеткізді. Нақтырақ айтсақ, оқушыларды автобусқа дейін жеткізіп, күтіп алу сынды міндеттерді нақты белгілеу қажет. Жиында көшпелі сауда орындары жайлы да айтылды. Биыл «Мир» көшесінің атауы «Нұрсұлтан Назарбаев»-қа өзгертілген болатын. Осыған байланысты сауда нүктелерінің мекен-жайлары туралы қосымшаға өзгерістер енгізілді.

Мадияр Жангудин – қалалық кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімі басшысының міндетін атқаруашы:

– Қазіргі күні қалада 10 көшпелі сауда орны бар. Яғни, ол жерлерде сауда жасаған адам ешқандай жалдама ақы төлемейді. Кез келген тұрғын барып өзінің азық-түлігін сата алады. Бірақ, алдымен қалалық кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы және ветеринария бөліміне хабарласып, мамандардан рұқсат алу керек. Аталған мекен-жайлардың тізімін нормативтік-құқықтық актілердің сайтынан көруге болады.

Жиында қалалық бюджет те нақтыланды. Биыл және келесі жылы шаһарда ауқымды абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Петропавлда ескірген 900-ге жуық ағашты кесіп, 1700-ге тарта көшет отырғызу жоспарда бар. Көшені жарықтандыру жұмысы да жалғасын таппақ.

 

 

Бердимурат Баймухан