МТРА жаңалықтарыCOVID-19: Қазақстан

Жергілікті шағын және орта бизнес өкілдерін қолдау

Жергілікті кәсіпкерлерді қолдау! Карантин қыспаққа алған шағын және орта бизнес өкілдері салық және әлеуметтік төлемдерден уақытша босатылды.

Нақтырақ айтсақ, олар жыл соңына дейін зейнетақы жарналарынан басқа аударым жасамайды. Өңірде мұндай қолдауды 18 мыңнан аса іскер жан иеленіп отыр. Ал өлкедегі 43 сауда орталығының басшылары нысанды жалдау ақысын келер жылдың қаңтарынан бастап төлейтін болады. Бұл ретте екінші деңгейлі банктер де берешегі бар қалталы азаматтарға жеңілдіктер ұсынып отыр. Бизнес өкілдерінің несие төлеу мерзімі 2021-ге дейін шегерілді. Одан бөлек, кәсіпті жандандыру мақсатында мемлекет тарапынан түрлі бағдарламалар жүзеге асырылуда.

Медет Оспанов – СҚО индустриялық-инновациялық даму және кәсіпкерлік басқармасының басшысы:

– Биыл «Бизнестің жол картасы» мемлекетттік бағдарламасы аясында өңірге 3,8 млрд теңге бөлінді. Бүгінде субсидия алуға 69 өтінім келіп түсті. Тағы, кепілдендіру бойынша 54 өтінім мақұлданды. Ал «Еңбек» бағдарламасы аясында қаланың өзіне шамамен 576 млн бөлінді. «Қарапайым заттар экономикасы» жобасы аясында жалпы құны 18 млрд теңге болатын 129 бастама қаржыландырылды.

Арман Оразғұлов – СҚО кәсіпкерлер палатасының басшысы:

– 9 айда жергілікті кәсіпкерлер палатасына 94 өтініш келіп түсті. Оның 78-і мақұлданды. Бізге жергілікті кәсіпкерлер жер және салық қатынастары мәселелері бойынша жиі жүгінеді. Сондай-ақ, ауылшаруашылығы және субсидиялау мәселелері де өзекті.

Маржан Касымбек