Аптадағы маңызды жаңалықтар

Тайынша ауданында трактор аударылып жүргізушісі көз жұмған

СҚО-да 5 кәсіпорын  өз жұмысшыларына / 142 млн теңге қарыз. Қарамағындағы қызметкерлерге жалақы төлемей келген басшылар жауапкершілікке тартылды. Оларға  берешекті өтеуге жыл соңына дейін уақыт беріліп отыр.Еңбек инспекторларының араласуымен биыл 2 мыңға жуық адамға  жиынтық көлемі 218 млн теңге болатын жалақы қайтарылыпты. Сондай-ақ, облыс бойынша / жұмыс орнында 30-дан аса оқыс оқиға тіркелген.

Оқиға қыркүйек айында Тайынша ауданына қарасты Қарағаш ауылындағы серіктестіктердің бірінде болған. Трактор тізгіндеген азамат алқапта сүрлемді үстінен басып, тығыздап жатады. Кенеттен техникасы аударылып кетіп, ішінде отырған 40 жас шамасындағы жүргізуші қаза табады.

Мирас Сабағанов – СҚО мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары:

– Көз жұмған жұмысшының кәмелет жасқа толмаған 4 перзенті бар. Балаларға 18 жасына дейін сақтандыру компаниясынан әр ай сайын жәрдемақы төленіп отыратын болады.

Жалпы, 10 айда жергілікті кәсіпорындарында 30-дан астам оқыс оқиға орын алған. Салдарынан 35 жұмысшы түрлі жарақат алып, 6 адам мерт болған. Еңбек инспекциясы тексеріс барысында жалақыны уақытылы төлемеген кәсіпорындарды да анықтады. Тізімдегі 5-еудің бірі – жергілікті халықаралық әуежай. Компания 69 қызметкерге наурыз бен тамыз айларының қаражатын бермепті. Жалпы сома 10 жарым млн теңгеге жуықтайды. Жұмыс берушіге қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, 150 АЕК көлемінде айыппұл салынған.

Мирас Сабағанов – СҚО мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары:

– Сондай-ақ, «Казградстрой» серіктестігі 2018 жылы жұмысшыларына 4 айдың жалақысын төлемеген. Яғни, 112 адамға тиесілі 75 млн теңге берілмеген. Компания басшысы жауапкершілікке тартылды. Оған 200 АЕК көлемінде айыппұл салынып, құрылыспен айналысуына 3 айға дейін тыйым салынды. Қарыз жыл соңына дейін өтелуі шарт. Егер өтелмесе, іс сотта қаралатын болады.

Жалпы, биыл облыста еңбек заңнамасын бұзуға қатысты 600-ге жуық факті анықталып, 43 жұмыс берушіге 8 млн теңгеге жақын айыппұл салынған. Мұндай жазалау шарасы борышкерлердің қол астындағы қызметкерлері алдындағы жауапкершілігін еске түсіріп, қарызын қайтаруға сеп болады деген үміттеміз.

Маржан Касымбек