Қоғам

Әрбір әйел мен бала бақытты болуға лайықты

Әйелдер мен балалар соққыға арналған тұлып емес. Әрбір нәзікжанды мен бүлдіршін бақытты болуға лайықты. Бірақ, кейбір ер адамдар мұны түсінбейтін көрінеді.

Жыл басынан отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында 1647 әкімшілік құқықбұзушылық анықталған. Әкелік мейірім мен әйел затына деген құрметтен ада 54 жерлесіміз қылмыстық жазаға тартылды. Осындай қатыгездерден соққы жеп, тағдыр тәлкегіне ұшыраған қыз-келіншектерге “Әйелдерді қолдау орталығының” мамандары көмек қолын созуда.

Роксана – әйел бақытын аңсап, тұрмысқа шыққан. Бірақ, 2 жылға созылған отбасылық өмірдің әр күні тек өкінішке толы болды. Жұбайы нәзікжандының әр қадамын бақылауда ұстап, жүріс-тұрысын шектеген. Тіпті, теледидар көріп, жақындарына хабарласуға да рұқсат етпепті. Бірде күйеуі ашуға мініп, келіншегін соққыға жығады. Роксананың омыртқасына қатты зақым келген көрінеді. Бірақ, ол сонда да жанұясын сақтап қалмақ болған.

Роксана:

– Мен жүктіліктің 5-ші айында болғанда жұбайым баланы алдыртып тастауымды сұрады. Мен, әрине, келіскен жоқпын. Бұл – үлкен күнә ғой. Күйеуім намазға жығылады, анасы да иман жолында. Бірақ, екеуі де бүлдіршіннің дүниеге келуіне қарсы болды. Қайын енем, нәрестені туғаннан кейін “Одан бас тарт!” деп бұйырды.

Роксана өзін, балалары мен олардың жарқын болашағын таңдады. Сөйтіп, бір кеште далада қалды. Тағдыр тәлкегіне ұшыраған 25 жастағы қызға көмек қолын «Әйелдерді қолдау орталығының» мамандары ұсыныпты. Екі баланың анасы мұнда 1 жылдан аса уақыт тұрып жатыр. Ережеге сай қиын жағдайда қалған қыз-келіншектерге баспана 6 айға беріледі. Бірақ, жанұяның барар жері, басар тауы жоқ. Қазір Роксана атаулы әлеуметтік көмекті рәсімдеп, әр тиынын жинау үстінде. Барлығы – қос бауыр етінің болашағы үшін.

Роксана:

– Қызымды балабақшаға орналастырдым. Өзім жұмыс істегім келеді. Алдағы уақытта бьюти-саладағы бір мамандықты игерсем деп ойлап жүрмін. Өмірдегі басты мақсатым – қос баламды аяққа тұрғызу. Сондықтан, аянбай тер төгуге дайынмын. Қазір жалға алу үшін үй іздеп жүрмін. Екі кішкентайым болғасын, жалдамалы пәтер табу өте қиын.

Роксананың бұрынғы күйеуі не әйелін, не балаларды керек етпейтін көрінеді. 12 айдың ішінде азамат бірде-бір рет жанұясын іздемепті. Ал кейбір отағасылар керісінше нәзікжандыларға дамыл бермейді. Бірақ, бұл – қателіктерін түсінгендіктен емес дейді орталықтың заңгері.

Татьяна Усманова – «Әйелдерді қолдау орталығы» ҚБ заңгері:

– Әкесі балаларын сағынып, бір шоколад болсын әкелген жағдай болған емес. Керісінше күйеулері мазаларын алып, қоқан-лоқы көрсетіп хабарласады. Өз қателіктерін мойындамайды. Жұмысқа тұрып, отбасын асырауға талпыныс жасамайды.

Әйелдерді қолдау орталығы 2017-нің тамызында жұмысын бастаған. Содан бері мамандардың көмегіне 130 ана мен бала жүгінген. Олар мұнда 6 ай бойы тұрып, курстардан өтеді, жаңа мамандық меңгеріп, келесі қадамдарын жоспарлайды.

Татьяна Усманова, «Әйелдерді қолдау орталығы» ҚБ заңгері:

– Әйелдердің дені күйеулеріне қайтып оралмайды. Қыздар бірлесіп пәтер жалдайды. Біреуі балалармен отырса, өзгелері жұмысқа орналасып, еңбектенеді. Осылайша жаңадан өмір бастайды. Бүгінде біздің орталықта 18 адам тұрып жатыр. Олардың 8-і – ана, 10-ы – кішкентай балалар.

Әрине, күйеуінің сөзіне сеніп, кешіріп, қайта оралған жағдайлар бар. Бірақ, олардың өзі біз қалағандай аяқталмайды. Толық отбасыны қалаған нәзікжандылардың кейбірі тағы да тұрмыстық зорлық-зомбылық көріп, орталыққа екінші мәрте келеді екен.

Зарина Елубаева – Петропавл қалалық ПБ ЖПҚБ инспекторы:

– 2020 жылдың 10 айында СҚО бойынша отбасы тұрмыстық қатынастар саласында 54 қылмыс тіркелді. Дебоширлерге әсер етудің негізгі тетіктері: ерекше талаптарды белгілеу, әкімшілік жауапкершілікке тарту болып табылады.

Өзінің жақындарына деген мейірімділік пен әйеліне деген құрметтен ада азаматтарға бірнеше жаза қарастырылған. Ең жеңілін полиция қызметкерлерінің өздері тағайындайды, оған көнбегендердің ісі сотта қаралады. Бірақ, қандай жауапкершілік болмасын нәзікжанды мен ұл-қыздың жадынан сол сұм күндерді өшіре алмайды. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жол жоқ! Әрбір қыз-келіншек пен бүлдіршін бақытты болуға лайықты.

Эльмира Садвокасова