Қоғам

Петропавлдық қолөнерші әсемдеген дастархан 8 келі тартады

Петропавлдық қолөнерші әсемдеген дастархан / 8 келі тартады. Он саусағынан бал тамған шебер / Людмила Скоробогатова матаны бисермен безендірумен айналысады. Ені мен ұзындығы 1 жарым метрлік асжаулықты майда моншақпен көмкеру үшін бақандай 4 жыл тер төккен.

Қиялдан туындаған туындылар. Қолы тиген жер жайнап кететін Людмила Скоробогатова ақ матаның үстіне түрлі түсті майда моншақтарды тізіп, әр түрлі бейне тігеді. Нәзікжанды шығармашылығымның шыңы деп мына дастарханды айтады. Ені де, ұзындығы да 1,5 метрді құрайтын асжаулықты әзірлеу үшін 4 жыл еңбектеніпті. Төгілген тердің нәтижесі көріп тұрғандарыңыздай көңіл қуантады.

Людмила Скоробогатова – қолөнер шебері:

–  Жолдасым дастарханның бетіндегі гүлдердің суретін жарты жыл салды. Кейін мен матаның үстіне майда моншақтарды бір-бірлеп тіктім. Ең қиыны сол болды. Себебі, бисерді қаз-қатар тізіп, тіккен кезде қол талады және саусақтарға ине кіреді. Жұмыс барысында қызық жағдай болды. Қаладағы сауда орталықтарындағы моншақ таусылып қалды. Сонда Қытайға тапсырыс беріп, қажетті дүниені сол жақтан алдырттық. Жалпы, осы дастархан үшін әжептәуір уақыт пен күш жұмсадық.

Людмила Скоробогатова бар мейірімі мен сүйіспеншілігін салып тіккен дастарханның салмағы 8 келіні құрайды. Осыдан ассжаулыққа 8 кг-ға жуық моншақ жұмсалғандығын ұғуға болады. Бұл қолөнершінің жалғыз жұмысы емес. Шебердің топтамасында көздің жауын алатын басқа да дүниелер жетерлік. Табиғатқа ерекше көрік беретін гүлдер, сүйікті мультфильмдердегі кейіпкерлер, әйел мен бала бейнесі. Әр туындыда шығармашыл жанның ішкі жан дүниесі бейнеленген.

Маржан Қасымбек – тілші:

– Менің қолымдағы туынды жаздың шуақты күндерін еске түсіреді. Мұнда гүлдердің айналасында ұшып жүрген көбелек бейнеленген. Майда моншақтарды тізіп, дәл осындай керемет дүниені дайындауға Людмила Скоробогатова 6 сағат уақытын жұмсаған. Ал мына еңбек басқаларға қарағанда өзгеше. Шебер мүйізді аттың бейнесін әзірлеу үшін моншақтарды қағазға желіммен жабыстырған.

Соңғы аталған әдіс бойынша әзірленген картиналарда жыл мезгілдерін жиі кездестіруге болады. Биік таулар, жардан аққан су, жасыл-сары түсті жапырағы жайқалған ағаштар. Бұл жерлерге барып, демалып, табиғатпен тілдескісі келмейтін адам жоқ шығар.

Людмила Скоробогатова – қолөнер шебері:

– Бұл – менің ең сүйікті жұмысым. Картинкаға қараған кезде өзімді табиғат аясында серуендеп жүргендей сезінемін. Осы көріністің өзі жан дүниемді тыныштандырады.

Людмила Скоробогатова тоқу өнерін де жақсы меңгеріпті. Ол ыдыс-аяқ пен түрлі бұйымдардың астына қойылатын кішкентай орамалдар тоқиды. Ал соңғы уақытта киім-кешек тігуге деген қызығушылығы оянып жүр екен. Жақында алғашқы еңбегін әзірлеп те үлгеріпті. Шебер мына ақ көйлекті өміріндегі ең маңызды күнге арнап тігіпті. Оны моншақтармен де безендіріп қойған.

Бердимурат Баймухан