МТРА жаңалықтары

Петропавлда IХ облыстық азаматтық форум өтті

«Азаматтық қоғам және мемлекет: “Біргеміз” серіктестігі мен дамудың 30 жылдығы». Петропавлда осындай атаумен / 9-ші облыстық азаматтық форум өтті. 2 жылда бір рет қанат жаятын жиын / биыл карантинге байланысты онлайн форматта ұйымдастырылды.

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы. Бұл – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауындағы бағыттардың бірі. Құжатта билік бұқараға жақын және ашық болуы тиіс делінген. Ал екі жақты байланыстырушы алтын көпір болып үкіметтік емес ұйымдар саналады. Олар қарапайым халықтың әл-ауқатын жақсарту мақсатында етене еңбек етуде. Осы орайда мамандар жиында өлкедегі өзекті мәселелерді ортаға салды.

Жанат Мұхамеджанов – СҚО Азаматтық альянсы ассоциациясының төрағасы:

– Форум аясында 4 дискуссиялық алаң құрылды. Баяндамалар оқылды. Өңірімізде қордаланған мәселелер көтерілді. Яғни, жас отбасылар, әйел адамдардың құқықтары, сондай-ақ, пандемия кезінде қалыптасқан жағдай туралы айтылды. Тағы, ТҮКШ байланысты проблемалар көтерілді.

Ал Сергей Худяков форумда жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту жайлы сөз қозғады. Ол ауылдық округ әкімдерінің кандидатураларына қойылатын біліктілік талаптарын төмендетуді ұсынды.

Сергей Худяков – Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту институтының директоры:

– Ауылдық округ әкімдеріне қойылатын талап, тіпті, Мәжіліс депутаттарына да қойылмайды. Осы орайда талап биіктігін төмендеткен жөн болар еді. Сондай-ақ, абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін салынатын айыппұл мөлшерін де қысқарту керек сияқты. Өйткені, ауылда тұратын ағайынның қалтасына бұл айтарлықтай салмақ түсіреді.

Жиын барысында біраз мәселе ортаға шығарылды. Біраз ұсыныстар мен ой-пікірлер айтылды. Сондай-ақ, үкіметтік емес ұйымдардың алдағы уақытта атқарар жұмыстары айқындалды.

Жанат Мұхамеджанов – СҚО Азаматтық альянсы ассоциациясының төрағасы:

– Форумның соңында резолюция қабылданды. Үкіметтік емес ұйымдарды қалай дамыту туралы да айтылды. Бұл мәселелердің шешімі мен ұсыныстарын орталық және жергілікті атқарушы орындарға жолдайтын боламыз.

Жалпы, бүгінде өңірімізде 500-ге жуық үкіметтік емес ұйым тіркелген. Олардың 50-ден астамы ғана белсенді түрде жұмыс атқаруда. Оның басым бөлігі әлеуметтік мәселелерді шешуге септеседі. Айта кетейік, республикалық азаматтық форум қарашаның 23-і өтпек. Ауқымды іс-шара онлайн форматта ұйымдастырылады. Жиынға біздің өңірден де өкілдер қатысады.

Дана Сәлімқызы