COVID-19: Қазақстан

Облыстық жедел медициналық көмек орталығына түсетін қоңырау саны артқан

Облыстық жедел медициналық көмек орталығына түсетін қоңырау саны артқан. Өткен айда диспетчерлер бір тәулікте 400-ге жуық шақырту қабылдапты. Қазіргі көрсеткіш – 440-450 шамасында.

Бұқара тарапынан келіп түсетін қоңырауды диспетчер қабылдайды. Кейін, хабарласқан адамның мекен-жайын, ауру белгілерін жазып, базаға енгізеді. Бұдан соң, арнайы бригада жолға шығады. Орталықта 6 адамнан адам таңғы және кешкі ауысымда жұмыс жасайды. Әрқайсысы орташа есеппен 60 адамға дейін қызмет көрсетеді екен.

Наталья Клесова – облыстық жедел медициналық көмек орталығының диспетчері:

– Егер шақырту жедел болса, діттеген жерге машина бірнеше минуттың ішінде жетеді. Болмаса, бір сағаттың көлемінде. Көбіне ағайын жөтел, жоғары температура, демігу сынды симптомдарымен хабарласады.

Жолға шықпас бұрын фельдшерлер арнайы қорғаныс костюмін киеді. Одан кейін, 2 маман мен жүргізушіден құралған бригада тиісті жерге аттанып, көмек көрсетеді. Әр минут маңызды. Әсіресе, індет қайта өршіген қазіргі шақта. Бүгінде көбіне 60 жастан асқан жандар жүгінеді екен.

Әсел Тоққожина – облыстық жедел медициналық көмек орталығының фельдшері:

– Бұрын шақыртулар кішкентай балаларға көп болатын. Қазір сәл азайды. Ұл-қыздар жәй да дәрігерлерден қорқады. Ал бізді мұндай костюммен көргенде, одан да қатты шошиды. Сондықтан, олармен ойнаймыз. Соның өзінде де қорқыныш сезімі қатты өше бермейді.

Әсел Тоққожинаның сөзінше, коронавирус балалардың бойынан бірден анықтала бермейді. Себебі, ұл-қыздар ауырып тұрғандарын толық түсіндіре алмауы және індет симптомсыз да болуы мүмкін. Бұл ретте ата-аналар сақтық шараларын күшейтуі тиіс. Осы орайда мынандай ақпармен бөлісейік. Бүгінде covid-19 белгілеріне байланысты қоңырау шалатын жандардың саны өткен айға қарағанда 10%-ға өсіпті.

Владимир Жужгов – облыстық жедел медициналық көмек орталығы бас дәрігерінің орынбасары:

– Бір тәулікте өңір бойынша орташа есеппен 440-450 шақырту жүзеге асырылады. Өткен айда бұл көрсеткіш 400-дің шамасында болды. Бүгінде вирустың бар екендігіне сенбейтін адамдар әлі де жоқ емес. Бірақ, статистика басқаны аңғартады. Шақыртулардың көбі коронавирусқа байланысты. Індеттің алдын алу үшін мен адамдарды санитарлық талаптарды қатаң түрде сақтауға шақырамын. Бұл – өте маңызды.

Жалпы, бүгінде жедел жәрдем орталығында 31 бригада жұмыс жасайды. Оның 17-сі – қала бойынша.

Жанна Бисенова