Қоғам

Фотограф Камилла Хасанованың жұмысы үздік деп танылды

Мың жарым қатысушының ішінен топ жарды. Петропавлдық жас фотограф Камилла Хасанова / республикалық онлайн-байқауда 1-ші орынға ие болды. Қоршаған ортаны қорғау тақырыбындағы оның идеясы / жоғары бағаланып отыр.

Камилла Хасанова – талапты қыз. Ол жастайынан түрлі үйірмелерге қатысып, бағын түрлі салада сынап көрген. Жеңіл атлетика, дзюдомен де шұғылданған. Бірақ, бұл Камилланың көңіліне жақпапты. Ізденімпаз қыз жылдар өте келе жаңа іспен әуестене бастайды. 18 жастағы ару сабағынан тыс уақытында қоршаған орта мен адамдарды суретке түсіреді. Өмірдің жарқын сәттерін естелікке айналдыруға әуестенген бойжеткеннің жақында жұлдызы жанды. Ол республикалық байқауға қатысып, өміріндегі алғашқы жүлдеге қол жеткізді.

Камилла Хасанова – фотограф:

– Конкурс жайлы дизайнер құрбым айтты. Естіген бойда бірден дайындыққа кірістім. Алдымен, түр-кескіні ерекше альбинос қызды іздеп тауып, фотоға түсуге ұсыныс білдірдім. Кейін бет-әрлеушілермен, стилистермен келісіп, глобуспен бірге суретке түсірдім.

Неге глобус? Өйткені, жас фотограф осылайша Жер ана – табиғатты аялап, оған қамқорлықпен қарау қажеттігі туралы ой салғысы келіпті.
Және фотоға түсуге анасымен бірге бірден келісімін берген Эвелина Лукьянованың батылдығы мен еркіндігін де атап өткен жөн дейді. Ерекше келбетке ие жерлесіміз бұл ұсынысты қуана қабылдап, батыл қадам жасаған.

Эвелина Лукьянова:

– Маған Камилламен жұмыс істеген ұнады. Жұмыс барысы өте қызықты өтті. Рөлге ену қиынға соққан жоқ. Себебі, автор менің образымды түсінікті етіп жеткізе алды.

Республикалық байқау аясында жас фотосуретші Камилла Хасанова дипломмен марапатталды. Ал оның туындысы “Табиғатты аялайық” деген ұранмен Алматыдағы аялдамаларға ілінетін болады.

Алтынай Қазиқан