Білім

Екінші тоқсанда қашықтықтан оқыту жалғасады

Солтүстікқазақстандық оқушылар екінші тоқсанда да қашықтықтан білім алуды жалғастырмақ. Облыстық ведомствоаралық комиссия мен бас санитарлық дәрігер осындай шешім қабылдады.

Яғни, оқыту процесі бірінші тоқсандағы тәртіп бойынша жүргізіледі. Ауылдардағы 360-қа тарта шағын жинақты мектеп штаттық режимде жұмыс істейді. Ал қалған білім ошақтарында 5-11 сынып оқушылары сабақтарын үйден оқуды жалғастыра бермек. Бастауыш сыныптар мен даярлық топтарында білім алатын 20 мыңға жуық бала кезекші сыныптарға баратын болады. Бүгінде олардың саны 1600-ден асады. Бұрынғыша бір сыныпта 15 баладан артық отырмауы тиіс, сабақтар екі кезеңмен жүргізіледі, ал мектеп әкімшіліктері барлық санитарлық талаптарды қатаң сақтауға міндетті. Ата-аналарға ғимарат ішіне кіруге рұқсат жоқ.

Валентина Черных, СҚО білім басқармасының бөлім басшысы:

– Оқыту процесінің форматы өңірдегі эпидемиологиялық жағдайға тікелей байланысты. Яғни, ахуал тұрақталса, өзгерістер енгізілуі мүмкін. Әзірге, ахуал тұрақсыз, сондықтан жауапты органдар осындай шешім қабылдап отыр.

Саят Ермек