МТРА жаңалықтары

10 айдың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіші қорытындыланды

Бірде-бір өндіріс ошағы жұмысын тоқтатпайды. Шектеу шаралары зауыттар мен кәсіпорындардың шаруасына әсер етпеуі тиіс деді әкімдік отырысында өңір жетекшісі Құмар Ақсақалов. Жиында қаңтар мен қазан айлары аралығындағы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер қорытындыланды.

Асқар Сақыпкереев – СҚО әкімінің орынбасары:

– Өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі – 19,9 пайыз, тұрғын үй енгізу көлемі – 12,5 процент, құрылыс жұмыстарының көлемі – 10,4 пайыз, өнеркәсіп өндірісі – 5,5, ауыл шаруашылығы 3 процентке ұлғайды.

2020 жылдың 10 айында атқарылған жұмыстың нәтижесі осы. Наурызда басталып, әлі жалғасып жатқан пандемияға қарамастан әрбір сектор бойынша оң динамика байқалады. Жыл басынан өңірде 700 млрд теңге болатын ауыл шаруашылығы тауары өндірілді. Бұл 2019-дағы 12 аймен салыстырғанда 89 млрд-қа көп. Кеуде қағарлық нәтиже негізінен алтын дәнді өсірудің есебінен орын алып отыр. Бірақ, бүгінде мал шаруашылығы да кенжелеп жатқан жоқ. Әсіресе, сүтті бағыт қарқынды дамып келеді.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Сүт өндірісі 5,4 пайызға ұлғайды. Нәтижеге 7 жаңа ферманың арқасында қол жеткіздік. Жыл соңына дейін Аққайың, М.Жұмабаев, Қызылжар, Айыртау мен Уәлиханов аудандарында тағы 5 заманауи кәсіпорынды іске қосамыз. Ауқымды шаруа 2021-де де жалғасын табады. Келесі жылға 16 сүт-тауарлы ферманың құрылысы жоспарланған.

Заманауи кәсіпорындардың бірі Тайынша ауданында бой көтереді. Өндіріс ошағы 3 мың бас ірі қараға шақталмақ. Осылайша, ол ел бойынша ең ірі сүт-тауарлы фермалардың қатарына енеді.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Жамбылдан басқа, әрбір ауданда заманауи сүт-тауарлы фермалар іске қосылады. Марат Мәкенұлы, сіздерден де бір жоба керек. Сондықтан, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен сөйлесіп, мәселені біржақты етіңіз.

Жиналатын сүттің көлемі ұлғайған сайын, оны өңдеумен айналысатын кәсіпорындардың да жүктемесі артады. 10 айдың қорытындысы бойынша 14 өндіріс ошағы 164 мың тоннадан аса тауар шығарған. Яғни, өткен жылғы сәйкес мерзімдегі көрсеткішпен салыстырғанда май – 28, ұнтақталған сүт – 26, ірімшік пен сүзбе 14 пайызға көбірек өндірілді. Алдағы уақытта бұл сандар тек өсе бермек. «Маслодел» мен «Молочный союз» серіктестіктерінде құны 8,6 млрд теңге болатын қайта жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. Шаруа тәмамдалған соң, қос кәсіпорын жылына 247 мың тонна дайын тауар шығаратын болады.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Жыл сайын қайта өңделетін тауар аталымдары кеңеюде. Былтыр «Рахат Опт» жарма зауытын іске қостық. Орақ науқаны аяқталған соң, кәсіпорынға 3500 тонна қарақұмық пен бұршақ жөнелтілді.

Кәсіпорынды астықпен қамтамасыз ету үшін қарақұмық пен бұршақ алқаптарын ұлғайтып жатқанда, кейбір аудандар керісінше төмен көрсеткіш көрсетуде. Мәселен, Айыртау, Ақжар, Жамбыл, Уәлиханов пен Қызылжарда теріс динамика байқалуда. Аймақ басшысы аудан әкімдеріне сараптама жүргізіп, жермен жұмыс істей алмайтындарды анықтауды тапсырды. Наурызда басталған пандемияға қарамастан өндіріс саласындағы зауыттар да жұмысын ойдағыдай жалғастырып жатыр. Қараша айына дейін кәсіпорындар 235 млрд теңгенің өнімін шығарған. Бұл орташа республикалық көрсеткіштен де көп. Компанияларға түсіп жатқан тапсырыс та екі есеге артыпты.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– «ЗИКСТО» мен «Қазақстан темір жолы» арасында келіссөздер аяқталды. Жергілікті кәсіпорын жалпы сомасы 45 млрд теңге болатын 2 мың вагон-платформаны әзірлемек. 2 жыл бұрын электрондық өндірісті қолға алған едік. Ол кезде көбі күмәнмен қарады. Бірақ, уақыт көрсеткендей, бұл дұрыс шешім болды. Киров зауыты бүгінге дейін 5 мың компьютер, 19500 ноутбук, 8 мың планшет шығарып, 3,8 млрд теңге пайда түсірді.

Техникаға деген сұраныс тек біздің өңірде ғана емес, Ақмола, Қостанай, Павлодар облыстары мен Нұр-Сұлтан қаласында да жоғары екен. 2020-шы жыл құрылыс саласы үшін өте нәтижелі болды. 270 елді мекендегі инфрақұрылым жақсарып, 107 мектеп, 42 мәдениет ошағы мен 33 денсаулық сақтау нысаны жөндеу көрді. 288 км болатын су таратушы желілер қалыпқа келтірілді. Ауылішілік жолдар салынып, жарықтандыру жүйесі ауыстырылды. Ауыз толтырып айтарлықтай шаруа келесі жылы да жалғасын таппақ. Қуантарлық нәтиже баспананы енгізуде де байқалады. 2020-ның қорытындысы бойынша 200 мың шаршы метр қолданысқа тапсырылмақ. Бұл 2017-мен салыстырғанда бақандай 1,5 есеге көп.

Эльмира Сәдуақасова