Аптадағы маңызды жаңалықтар

“Петропавл-Алматы” бағытындағы жүрдек пойыздың жүру уақыты өзгерді

“Петропавл-Алматы” бағытында қатынайтын жүрдек пойыздың жүру уақыты өзгерді. Бұған дейін теміржол көлігі  күнде жүрсе, енді күнара қатынамақ. Ал жолға шыққан ағайынға қойылған негізгі және міндетті талап – инфекция белгілерінің жоқтығын дәлелдейтін ПТР-анықтамасының болуы.

Сәрсенбінің таңында жарияланған ақпарға сүйенсек, әлем бойынша Covid-19 инфекциясын 51 млн-нан астам адам жұқтырған. Ал Қазақстанда соңғы тәулікте 250-ге жуық адамнан коронавирус белгілері бар пневмония анықталды. Бір сөзбен айтқанда, елдегі жағдай тұрақты емес. Сондықтан, республиканың бірқатар аймақтарында, әсіресе Ресеймен шекаралас аумақтарда карантин күшейтіліп, блокбекеттер қойылғаны мәлім. Оған қоса, теміржол вокзалында да шектеу шаралары қатаңдатылды және бірқатар өзгеріс орын алды.

Елена Зыкова – “Ресей темір жолдары” ААҚ Петропавл бөлімі сервис-орталығының бастығы:

– “Петропавл-Алматы” бағыты бойынша қатынайтын жүрдек пойызының жүру кестесі өзгерді. Бұған дейін пойыз күнде жүрсе, енді күнара қатынайды. Ал “Петропавл-Алматы”, “Петропавл-Қызылорда” және “Петропавл-Нұр-Сұлтан” бағытындағы пойыздардың жүру уақытына еш өзгеріс енгізілмеді.

Ең басты ескерер жайт – Петропавлдан жол жүру үшін жолаушылардың қолында жарамдылық мерзімі 3 тәуліктен аспайтын ПТР-тестілеудің анықтамасы болуы қажет. Бұл талап орындалса ғана азамат пойызға кіреді.

– Пойызға билет алу үшін кеше ПТР-тест тапсырдық. Бүгін нәтижесі дайын болды.

– Елордаға ем алу үшін бармақпын. Кеше 2500 мыңға ПТР-тест жасаттым.

– Біз командамызбен Қостанай қаласына ауыр атлетикадан жарысқа бармақпыз. Барлығы – 11 адам. ПТР-тест тапсырдық. Жұма күні дайын болады.

Сондай-ақ, бекітілген ережеге сәйкес темір жол вокзалына күтіп алушылар мен шығарып салушыларға кіруге тыйым салынады. Осы орайда айта кетейік, пойыздардың жүру кестесі бойынша барлық анықтамалық ақпаратты «105» нөмірі арқылы білуге болады. Ал билетті бұрынғыдай вокзалдан, “Қазақстан темір жолы” және онлайн кассалардан сатып алуға болады.

Ешкенова Дана