МТРА жаңалықтарыМәдениет

Облыстық кітапханада суреттер көрмесі өтті

Сезім иірімдері. Осындау атаумен С.Мұқанов атындағы облыстық кітапханада суреттер көрмесі өтті. Шараға Оқушылар сарайындағы көркемөнер мектебі педагогтарының жұмыстары қойылды. Он саусағынан бал тамған 9 қылқалам шебері 20-ға жуық туындысын ұсыныпты. Әр түрлі техникада орындалған картиналар жерлестерімізге онлайн форматта таныстырылды.

Тақырып барлығына ортақ, бірақ түстер, техника мен идея түрліше. Көрмеге қойылған туындылардың әрбірі авторларының көңіл-күйін сипаттайды. Оқушылар сарайына қарасты көркемөнер мектебі педагогтарының дені эмоцияларын табиғатты суреттеу арқылы жеткізген. Соның өзінде қыстың көрінісі, жазғы пейзаж бен гүлдердің картинасы – бір-бірінен өзгеше. Бір ғана мысал – мына таушымылдықтар. Әйелдер қауымының сүйікті өсімдігіне 3 бірдей қылқалам шебері өз жұмысын арнаған. Көріп тұрғандарыңыздай, әсем гүл суреттерде бірдей емес, ерекшеленіп бейнеленген. Мына еңбек он саусағынан бал тамған өнерлі жан Айжан Даироваға тиесілі. Нәзікжанды туындыны орындауға 2 апта уақытын жұмсаған. Одан бөлек, көрмеге ұстаз тағы екі картинасын ұсыныпты.

Айжан Даирова – Оқушылар сарайының көркемөнер мектебінің педагогы:

– Мен үшін эмоцияны гүлдер арқылы сипаттау оңайырақ. Кешкісін отырып, биылғы жаз айларын еске алдым. Әдетте солтүстіктің ауа райы шыжыған күндерімен қуантпайтын. Ағымдағы жылы керісінше, маусым, шілде мен тамыз ерекше ыстық болды. Осы естелікті өз картиналарым арқылы жеткізгім келді. Үш суретімде де гүлдер салынған, бірақ үшеуі де бір-біріне ұқсамайды. Тіпті, авторларының бір адам екендігін елестету қиын. Себебі, әрбіреуін орындау барысындағы көңіл-күйім әр түрлі болды.

Көркемөнер мектебі мұғалімдерінің көрмесі – дәстүрге айналған шара. Жылда ол қазан-қараша айларында ұйымдастырылады. Биыл педагогтардың жұмысы жерлестерімізге онлайн форматта таныстырылуда. Әрбір картинаның мән-мағынасы мен идеясын, орындалу техникасын инстаграм парақшадағы оқырмандарға білікті ұстаз Инна Рипачева таныстыруда. Қылқалам шеберінің жұмыстары да көрмеден орын тапқан. Өнерлі жан көркем жазуды жанына жақын тартады екен. Сондықтан, шараға әсем өрнектелген сандықшаларды әкелген. Бірақ, суретші үшін ең ерекше жұмыс – мына панно. Еңбек солтүстік-двинскілік жазу стилінде орындалған.

Инна Рипачева, Оқушылар сарайының көркемөнер мектебінің педагогы:

– Әрбір картинадан біздің әлемді қалай көріп, қалай қабылдайтынымызды байқауға болады. Заман күн сайын өзгеріп барады. Сәйкесінше, көркемөнердегі техникалар да өзгеріске ұшырайды. Біздің мақсатымыз – әрбір жаңашылдықты балаларға жеткізе білу. Ол үшін мұғалім өз ісінің шебері болуы қажет. Сонда ғана ұстаздар әрбір жұмысты орындау барысындағы қиындықтарды көрсетіп қана қоймай, қателік жібермеудің жолын сілтейді.

Қылқалам шеберлерінің көрмесі карантин аяқталып, тұрғындар қалыпты өмірге оралғанда қайта ұйымдастырылады. Жерлестеріміз көздің жауын алып, ой тастайтын жұмыстармен көзбе-көз таныса алады. Жалпы, көркемөнер мектебінің негізі осыдан 44 жыл бұрын қаланыпты. Қазір білікті ұстаздардың қол астында 300-ге жуық солтүстікқазақстандық жас сурет салудың қыр-сырын меңгеруде.

Эльмира Садвокасова