МТРА жаңалықтары

Облыс орталығында праймериздің кезекті кезеңі бастау алды

Ауылдықтарды су және газбен қамту. Шалғайдағы елді мекендерге  жоғары жылдамдықты интернет желісін тарту. Бүгін облыс орталығында праймериздің кезекті кезеңі бастау алды. Шара барысында қатысушылар арасында пікірсайыс ұйымдастырылып, баяндамалары тыңдалды. Осылайша комиссия мүшелері кандидаттардың ішінен қалалық, аудандық және облыстық мәслихаттарға партиялық тізім жасайтын болады.

Алғашқы болып баяндамасын қала әкімі, «Nur Оtan» партиясы қалалық филиалының төрағасы Болат Жұмабеков оқыды. Атқамінер өз сөзінде партияның алдағы 5 жылда атқаруы тиіс шаруаларын тізіп, жергілікті сайлауалды бағдарламаның жобасын таныстырды.

Болат Жұмабеков – «Nur Оtan» партиясы қалалық филиалының төрағасы:

– Сайлауалды бағдарламаның жобасында қаладағы түйткілді мәселелерді шешудің бірнеше жолы көрсетілген. Шаһарды дамытудың негізгі басымдықтары мынадай: экономикалық тұрақты, ыңғайлы, әлеуметтік жағынан бейімделген, жастарға арналған және қауіпсіз қала қалыптастыру. Сондай-ақ, жергілікті органдардың ашықтығын қамтамасыз ету мен тарихымыз бен мәдениетімізді одан әрі дамыту. Біз өзіміздің сайлауалды бағдарламамызда дәл осы 7 бағытты белгіледік.

Кейін праймериз қатысушыларының арасында кезекті пікірсайыс басталды. Бүгін шараға қалалық мәслихатқа мүшелік ету үшін – 27, ал облыстыққа үміткер болып 12 адам қатысты. Дебатқа келгендердің барлығы – праймериздің алғашқы кезеңінде ең көп дауыс жинаған жандар. Жиында ZOOM платформасы арқылы байланысқа шығып өз пікірлерін жеткізген жандар да болды. Жалпы, қатысушылардың көбісі ауылдық елді мекендерді дамыту мен жастар үшін тегін спорт үйірмелерін ұйымдастыру тақырыбында сөз қозғады.

–  Қазіргі күні мәселелердің көбісі мәслихат пен әкімдік арқылы шешіледі. Менің ойымша, жергілікті өзін-өзі басқару органдарын құрған жөн. Аталған мекеме тұрғындармен тығыз қарым-қатынас жасап, жол салу, балалар алаңқайын тұрғызу секілді сұрақтарды өздері шешулері тиіс.

Бүгін үміткерлердің арасында дауыс беру жүргізіледі. Жеңімпаздардың есімі алдағы уақытта жарияланатын болады. Айта кетейік, қарашаның 17-сі күні өңірлік конференция өтеді. Сол жерде облыстық мәслихатқа үміткерлердің нақты партиялық тізімі жасалады.

Маржан Касымбек