COVID-19: ҚазақстанБизнес және экономика

Карантин қыспаққа алған бизнес

Несиені төлеу мерзімін шегеру  мәселені шешпейді. Карантиннің қыспағында отырған өңір кәсіпкерлері биліктен не қаржылай көмек көрсетуді, не жұмыс істеуге рұқсат беруді сұрап отыр. Өйтпесе, осымен 10-шы ай жабық тұрған Петропавлдағы жаңа кинотеатр ашылмай тұрып жабылып қалуы мүмкін. Ал тойхана иелерінің қарапайым коммуналдық шығындарды өтерлік жағдайы жоқ.

4 ай, 9 күн. Пандемия тап бергелі фитнес-орталықтардың есігі осынша уақытқа жабылған еді. Қазір тәнін шынықтырамын дегендер жаттығу залдарына бара алады. Тек дүйсенбі мен жұма аралығында және алдын ала жазылу арқылы ғана. Ал іштегі адам саны жалпы сыйымдылықтың 50 пайызынан аспауы тиіс. Осының өзінде Петропавлдағы танымал фитнес залдардың бірін қаржылық кризис қыспаққа алған. Кезінде келушілерден босамайтын кешен бүгінде жартылай бос. Әкімшіліктің сөзінше, табыс бақандай 70 пайызға төмендеген.

Ләззат Утеева – фитнес орталығының менеджері: 

– Қызметкерлердің жалақысын қысқартқан жоқпыз, абономенттің бағасын да сол қалпы қалдырдық. Алайда, клиенттер күрт азайғанымен, коммуналдық шығындар мүлде азайған жоқ. Сондықтан, жағдайымыз мәз емес.

Менеджердің сөзінше, дағдарыстан толықтай айығу үшін әрі кетсе 5 жыл керек. Дегенмен, бардың өзіне қанағат дейді мұндағылар. Өйткені, фитнес-индустрияның жағдайы бірқатар өзге салаға қарағанда әлдеқайда тәуір.

Саят Ермек – тілші:

– Жабық есіктер мен ескірген постерлер! Коронавирус пандемиясы отандық кинобизнесті де аяқтан шалып, орасан зор шығынға батырып отыр. Қазан айында Қазақстан бойынша небәрі 4 қалада кинотеатрлар ашылған еді. Петропавл бұл тізімге кірмейді. Шаһардағы 4 кинотетр наурыздың 13-інен бері, яғни осымен 10-шы ай ашылар күнді асыға күтіп отыр. Бұл шақта бұқара жаңа туындыларды үлкен экрандардан емес, үйде отырып интернеттен тамашалуға мәжбүр.

Дағдарысты қойшы, банкроттықтың алдындамыз дейді сала кәсіпкерлері. Сәуле Мұсабаева жаңа кинотеатрын наурыздың 14-і ашпақ болған. Бірақ, бірде-бір билетті сатып үлгермеді. Күн бұрын елде төтенше жағдай жарияланып, қатаң карантин енгізілді. Көктемнен бері 5 бірдей зал, ондағы қымбат итальяндық креслолар мен соңғы үлгідегі проекторлар жай тұр. Мұның бәрі 800 млн теңгеге несиеге алынған. Банк, әрине, жағдайға кіріп, төлеу уақытын шегеріпті. Қанша дегенмен, ерте ме, кеш пе берешекті өтеу керек. Осылайша, демалыс орны ашылмай жатып, жабылудың аз-ақ алдында тұр. Егер жуық арада жұмыс істеуге рұқсат берілмесе, соққы алған кинобизнес қайтіп аяққа тұра алмайды дейді Сәуле ханым.

Сәуле Мұсабаева – кинотеатр директоры:

– Бактерицитдік шамдар, антисептик, арнайы дезинфекциялық кілемшелер сатып алдық. Желдету жүйесі бар, көрермендерді екі орындық сайын отырғызуға әзірміз. Біз қазір бәріне дайынбыз, тек жұмыс істеп, табыс табуға мұрша берілсе болғаны. Алайда, билік шешімін өзгертпек емес. Егер банкротқа ұшырасақ, бұл ешкімге пайда әкелмейді. Бизнесмендер табыстан, ал мемлекет салықтан қағылады, қатардағы халық болса жұмыстан айырылады.

Коронавирус дүркіреп тұрған той бизнестің де түбіне жетудің аз-ақ алдында. Банкет-холлдың қожайыны Диан Мұстафиннің де кредиті бар. Банк оны өтеу мерзімін екі рет шегерген. Заем сомасы – 15 млн. теңге. Бұл қаражатқа ол көктемде мейрамханасын бастан-аяқ жөндеп шығыпты, содан бері жаңартылған нысан бір де бір той қабылдамады. Айтуынша, бір банкет орта есеппен 400-500 мың теңгеге шығатын. Айына 4-5-уі өтетін. Осылайша 30 күнде кемінде 1 млн табыс беретін зал 10 айдың ішінде 1 теңге де түсірмеген. Тәжді вирустың тағы құтыра бастағанын ескерсек, дейді Диан, жуық арада тойларға рұқсаттың берілуі екіталай. Ал күтетін жағдай жоқ.

Диан Мұстафин – тойхана директоры:

– Қазір мен тығырықтан шығудың бір ғана жолын көріп тұрмын. Тойхананы дәмханаға айналдырып, клиенттерді күнделікті тамақтандыруға көшу. Алайда, бұл іс те қосымша инвестицияны талап етеді. Ал егер ол жүрмей қалса, түбегейлі банкрот болайын деп тұрмын. Онда несиені жабу үшін ғимаратты сатуға тура келеді. Менің ойымша, той индустриясы пандемияға дейінгі жағдайға қайтып оралмайды, сондықтан той өткізу ісін енді бизнестің бөлек бір түрі ретінде қарастырмай-ақ қоюға да болатын сияқты.

Петропавлда барлығы 32 тойхана бар. Қазірдің өзінде екеуі түпкілікті жабылған, ал қалғандары жағдайдың тұрақталуын зарыға күтіп отыр. Жергілікті рестораторлар қауымдастығының өкілдері барлық санитарлық талаптарды сақтай отыра, кішігірім тойларды өткізуге рұқсат сұрауда. Өтінішті алдымен облыс әкімідігіне, кейін Үкіметке де жолдапты. Алайда, коронавирустың екінші толқыны бұл бастаманы кесіп тастады. Енді ассоциация басшылығы билік кәсіпкерлерге қаржылай көмектессе дейді.

Андрей Фролов – СҚО рестораторлар мен отельерлер қауымдастығының атқарушы директоры:

– Ең алдымен тойхана иелері коммуналдық төлемдерді жабуға қаражат бөлінсе дейді. Өздеріңіз білесіздер, банкеттік залдардың ауданы үлкен болғандықтан, оларды қыста жылыту қымбат. Онсыз да оңып отырмаған кәсіпкерлер мұндай шығынды қазір көтере алмайды. Қазір кәсіпкерлер палатасына хат жазып, көмек сұрап жатырмыз.

Алайда, карантин қыспаққа алған шағын және орта бизнеске әкімдіктер қосымша қаржы береді деп үміттенудің қажеті жоқ сыңайлы. Мемлекет онсыз да қолдан келгенше қол ұшын созып жатыр дейді шенеуніктер. Көмек ел билігі қабылдаған антикризистік шаралардың аясында ғана көрсетіледі. Жұмысын жалғастырып жатқандарға салықтық жеңілдіктер қарастырылған. Кәсіпкерлер жылдың аяғына дейін зейнетақы жарналарынан басқа аударымдардан босатылған, ал қосымша құн салығы 12-ден 8 пайызға дейін төмендетілді. Ал әлі күнге дейін ашылмаған субъектілер не істейді?

Медет Оспанов – СҚО индустриялық-инновациялық даму және кәсіпкерлік басқармасының басшысы:

– Банктер олардың кредиттерін төлеу уақытын кейінге шегеріліп жатыр. Қолдау тек осы бағытта. Үкімет тарапынан әлі ешқандай жаңа нормалар қабылданған жоқ. Ал коммуналдық төлемдерден ешкім босатпайды. Бұл да жеке бизнес, олар да шығынға батады ғой. Сондықтан, толықтай босату мүмкін емес.

Кинотеатрлар жұмысының жандануы өлкедегі эпиджағдайға тікелей байланысты. Егер сырқаттану деңгейі төмендейтін болса, кинозалдар есіктерін айқара ашуы мүмкін. Ал ахуал қандай болмасын, тойларға салынған тыйымның жақын арада алынуы екіталай. Өйткені, статистика бойынша отандастырымыздың басым көпшілігі вирусты жиындар мен басқосуларда жұқтырады екен. Осы орайда парадокс – ашсақ, індет тап береді, ашпасақ – шағын және орта бизнестің қатаң карантиндік шектеулерден кейін өз-өзіне келмеуі де ғажап емес.

Саят Ермек