МТРА жаңалықтарыБизнес және экономика

Карантин кезінде өңір жұрты 143 млрд теңге несие алған

Қауіпті індет белең алғалы бері өңір тұрғындары ақшаларын банкке сақтауға көшкен. Соңғы 9 айдың ішінде жерлестеріміз қаржы ұйымындағы шоттарына  179 млрд теңге аударыпты. Сондай-ақ, өңірде несие алушы іскер жандардың қатары да артқан көрінеді.

Елде карантин енгізілгеннен бастап 9 айдың ішінде жергілікті банктер тұрғындарға 143 млрд теңгенің несиесін рәсімдеген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 19,4 пайызға көп. Яғни, өсім байқалып отыр. Бұған себеп – пандемия уақытында кәсіпкерлерді қолдау үшін түрлі мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылды. Нақтырақ айтсақ, іскер жандарға проценті төмен кредит берілді. Сондықтан, өңір бизнесмендері былтырғыға қарағанда несиені 10,9 пайызға көбірек алған.

Диас Мэлс – «ҚР Ұлтық банкі» РММ СҚФ директоры:

–  Кредиттік белсенділіктің ең үлкен баяулауы сәуір айында байқалды. Ол кезде өздеріңіз білетіндей, қатаң карантин енгізілді және екінші деңгейдегі банктердің қызметі шектелген болатын. Ал маусым айына қарай жағдай қайта тұрақтала басталды. Маусым айында тұрғындарға 21,3 млрд теңге несие берілді.

Пандемия кезінде жерлестеріміздің көбісі жұмысынан айырылды. Бірақ, соған қарамастан бұқара қолдағы ақшаларын жаппай банкте сақтауға көше бастаған сияқты. Биыл өңір жұрты қаржы ұйымындағы есеп-шоттарына 179 млрд теңге аударған. Бұл былтырғыдан 12 пайызға көп. Осы орайда теңгенің долларлану деңгейін де айта кетейік.

Диас Мэлс – «ҚР Ұлтық банкі» РММ СҚФ директоры:

– Долларлану деңгейінің төмендеу үрдісі сақталып отыр. Қыркүйек айының қорытындысы бойынша шетел валютасындағы депозиттердің үлес салмағы 19,2 пайызға төмендеді. Бұл республика бойынша ең төмен көрсеткіштердің бірі болып саналады.

Карантин ақшаны бейберекет шаша бермеуді үйретті дейді жұртшылық. Қазір халық қаражатты оңды-солды емес, ең қажетті заттарға жұмсайтын болған.

– Қуанышыма орай, биыл ешқандай несие алмадым. Ақшамды үнемдейтін болдым. Артық ештеңе сатып ала бермеймін. Бұрынғыдай көрсеқызарлық жоқ.

– Депозитке ақша салмасам да табысым тұрмысыма жетеді. Азық-түлік пен ең қажетті деген заттарды ғана сатып аламын. Ақшамды барынша үнемдеуге тырысамын.

Қазір істің көбісі қашықтықтан атқарылады. Мәселен, қоғамдық тамақтану орындары мен дүкендер азық-түлікті үйге жеткізіп беру қызметін қолға алды. Тұрғындар, сондай-ақ, киім-кешек секілді заттардың өзін онлайн режимде сатып алатын болды. Осыған байланысты банктер атқаратын қызмет түрлері де кеңейді. Бүгінде қаржы ұйымдарының мобильдік қосымшасына кіріп, қалаған дүниеге қол жеткізуге мүмкіндік бар. Жалпы, қазіргі күні Солтүстік Қазақстандағы POS-терминалдардың саны 10 мыңға жуықтаған. Өсімнің арқасында жерлестеріміз соңғы 9 айдың ішінде төлем карточкалары арқылы 454 млрд теңгеден аса операция жасапты.

Бердімұрат Баймұқан