Спорт

Жергілікті “Қызыл-Жар М” ФК ел біріншілігінде топ жарды

Жергілікті Қызыл-Жар М” футбол командасы ел біріншілігінде алғаш рет топ жарды. Осылайша мықтылар сынға түсетін бірінші лигаға жолдама алды. Кеше “Қарасай” стадионында ел мерейін асырған петропавлдық ұжым марапатталды. Жас спортшылар мен клуб өкілдеріне алтыннан алқа тағылып, құрмет көрсетілді.

Футболдан екінші лига командалары арасындағы ел чемпионаты қыркүйек айының соңында басталды. Карантинге байланысты биыл ойындар республиканың 4 аймағында өтті. Мәселен, жергілікті ”Қызыл-Жар М” командасы солтүстік зонаға еніп, Көкшетау қаласында өнер көрсетті.
Петропавлдықтар 5 құрамамен бақ сынасты. Олар: қостанайлық – “Тобыл”, көкшетаулық – “Оқжетпес”, нұр-сұлтандық – “Астана М” мен “SD Family” және тағы бір жергілікіті ұжым – “Рузаевка” клубы. Аяқдоп шеберлері бұлардың барлығына лайықты қарсылық танытты.

Николай Стоякин – ”Қызыл-Жар М” командасының аға-жаттықтырушысы:

– Біз тек “Тобыл” құрамасына ғана 2 де 0 есебімен жол бердік. Қалған 4 матчта жеңімпаз атандық. Нәтижесінде қоржынға 12 ұпай түсті. Бұл 12 ұпай чемпионатта чемпион атануға мүмкіндік берді. Осы жеңістің арқасында біз бірінші лигаға жолдама алдық.

Доданың қорытындысы бойынша жерлесіміз Максим Скорых екінші лиганың үздік бомбардирі атанды. Шабуылшы қарсыластардың қақпасына 4 гол соққан екен. Клуб өкілдерінің сөзінше, жастар мұндай жетістікке қызу дайындықтың арқасында жетіп отыр.

Фёдор Симиниди – ”Қызыл-Жар СҚ” ФК спорттық директоры:

– Жастар 8-9 ай көлемінде дайындалды. Әзірлік жұмыстары “Қарасай” стадионында жүргізілді. Чемпионаттағы қарсыластарымыздың барлығы – тәжірибелі. Дегенмен, біздің жігіттер бар күштерін салып, алтын медальға ие болды. Осы орайда, бізге қолдау көрсетіп жүрген өңір басшылығы мен жанкүйерлерге алғысымды білдіремін.

Міне, жерлестеріміз жеңіп алған алтын медальдар футболшылардың мойнына тағылуда. Шараға өңіріміздің дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Асылбек Альдименов пен клуб президенті Григорий Лория ат салысып, жастарға жылы лебіздерін білдірді. Одан бөлек, жас спортшыларды облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов құттықтады.

Ғани Нығыметов – СҚО әкімінің орынбасары:

– Алғаш рет “Қызыл-Жар М” командасы екінші лиганың чемпионы атанды. Бұл – үлкен жеңіс! Менің ойымша, бұл жеңіске 2016 жылы құрылған футбол орталығы әсер етті. Себебі, біздің жас футболшыларымыз сонда дайындалып, осындай жетістікке жетіп отыр. Мұндай жеңістер көп болсын деймін!

Айта кетейік, біріншілікте 2-ші орынды – қостанайлық “Тобыл”, ал 3-ші орынды нұр-сұлтандық “Астана М” клубы иеленді. Шамалы үзілістен соң жергілікті құрама келесі маусымға дайындық жұмыстарын бастамақ. Тек карантинге байланысты доданың қашан басталатыны әзірге белгісіз.

Жанна Бисенова