МТРА жаңалықтарыCOVID-19: Қазақстан

Петропавл айналасындағы 3 блокбекетке ақылды бейнекамералар орнатылды

Петропавл айналасындағы 5 блокбекеттің үшеуіне ақылды бейнекамералар орнатылды. Олар посттан өтпек болған көліктердің нөмірін сканерлеп, анықтама-құжаттарды тексеру үрдісін біршама жеңілдетпек. Осылайша, өткізу пункттерінде кептелістер болмайды дейді шаһар билігі. Ал бекеттердегі ахуалды бағамдай барған аймақ басшысы шенеуніктерге ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтіңдер деп пәрмен берді.

Петропавл айналасындағы 5 блокбекет штаттық режимде жұмыс істеп жатыр. Бір тәулікте оларды 8 мыңға тарта жерлесіміз кесіп өтеді. 1200-і – қалада тұрып, аудандарда жұмыс істейтіндер болса, қалғаны керісінше, облыс орталығына қызметке келеді. Бекеттерден кім өте алады, қандай құжаттар керек – мұның бәрі өткен аптадан бері айтылып жатыр. Алайда, бұқара тарапынан сұрақ таусылар емес. Аймақ басшысы әкімдерге туындаған сауалдарға тікелей жауап беруді тапсырды. Әлеуметтік желілердің мүмкіндіктерін пайдалана отырып.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Келесі аптадан бастап барлық әкімдер екі күнде бір рет тікелей эфирге шығып отырсын. Шектеу шараларына қатысты сауалдарға онлайн режимде жауап беріңіздер. Әкімдер ғана емес, облыстағы барлық басқармалар да осы режимге көшеді. Біз халықтың ақпараттық сұранысын қанағаттандырып, туындаған проблемаларды лезде шешуге ұмтылуымыз тиіс.

Құмар Ақсақаловтың сөзінше, түсіндіру жұмыстары аса маңызды. Өйткені, халық ережелерді білмесе, оларды қалай ұстанады?! Мәселен, бүгінгі түннен түске дейінгі аралықта полицейлер Бескөлдегі блокбекеттен 30-дан астам автокөлікті қайтарып жіберген. Бірінде – жұмыс орнынан анықтама, енді бірінде ПТР сараптаманың қорытындысы болмаған. Айта кеткен жөн, таңғы 8-дер мен кешкі 6-7-лер шамасында блокпосттардағы жүктеме біршама артып, кептелістер туындап жатады. Өткізуді жеделдетпекке бекеттерге бейнекамералар орнатылды. Жай емес, ақылды.

Болат Жұмабеков – Петропавл қаласының әкімі:

– Ерекше бағдарлама келген әр көліктің нөмірін сканерлеп, ішіндегі тізіммен салыстырады. Егер тізімде болатын болса, көліктер бекеттен тоқтамай өтетін болады.

Кім, қайда жұмыс істейді – осы ақпараттың бәрі аудан әкімдіктері берген тізім бойынша тексеріледі. Мәліметтерді камера лезде полицейлердің қолындағы планшетке жібереді. Одан бөлек, ақылды жүйе ПТР анализдерін жасайтын облыстағы барлық зертханалардың базаларымен де байланыстырылған.

Болат Жұмабеков – Петропавл қаласының әкімі:

– ПТР тесттің құжаттарын көрсеткенде, біз оны осы жүйдегі ақпаратпен салыстырамыз. Шынымен де бар ма екен, мерзімі өтіп кеткен жоқ па – бәрін көреміз. Осының бәрі жұмысты жеңілдетіп, өткізуді тездету үшін. Өйткені, қазір ауа райы өзгеруде, машиналар тоқтамай, халықтың келіп-кетуі ыңғайлы болуы тиіс.

Бұл жаңашылдық Мамлют пен Омбы трассаларының бойындағы қос бекетке және Бескөлге кіреберістегі пунктіге орнатылған. Өйткені, дәл осы өткізу орындары арқылы бұқара көбірек қатынайды. Тағы бір жаңашылдық. Күні кеше блокбекеттерден өтерде азаматтардың дене қызуы өлшенбеген еді, бүгіннен бастап тексерілетін болды.

Саят Ермек