Қоғам

Ойқалада кентінде тұрғындар жол азабын тартып отыр

Адам танымастай өзгеріп келе жатқан Петропавлдағы  Потанин көшесінің кескінін  қысқа ғана тұйық көше бүлдіріп тұр. Оның тұрғындары батпақ кешіп жалықтық дейді. Шаһар билігінің назарынан тыс қалған жолдың жағдайы мүшкіл. Саз бен батпақтың кесірінен  аяқ алып жүру қиын. Азаматтардың сөзінше, әкімдікке жазылған хаттар мен ауызша шағымдар еш нәтиже бермеген көрінеді.

2020 – Потанин көшесі үшін елеулі өзгерістер жылы. Өне бойындағы жүзді алқымдаған ескі үйлердің қасбеті әрленіп, әдемі аялдамалар қойылып, саябақтар соғылып жатыр мұнда. Бәрі көне орыс стилінде. Тарихи маңызы бар көшеге биыл жаңа дем берілді.

Саят Ермек – тілші:

Потанин көшесіндегі оң өзгерістер петропавлдықтарды да, Ойқала ықшам ауданының тұрғындарын да қуантуда. Алайда бұл әдеміліктің бәрін мына қысқа тұйық көшенің жағдайы бүлдіріп тұр. Оның тұрғындары біздің арнамызға хабарласып, шағымданған еді. Кездеспекке келдік, алайда әдемі, таза туфлиімді бүлдіргім келіп тұрған жоқ. Көрегендік танытып, өзіммен бірге резеңке етікті алып шыққаным жақсы болыпты. Аяқ киімді ауыстырамыз.

Бұл көшеде тұратындар үшін резеңке етік пен галош – үйреншікті аяқ киім. Ой қаладағы оң өзгерістерге олар да қуанышты, алайда жеке өзіміз жақсылығын көріп жатқан жоқпыз дейді. Баяғы батпақ – сол батпақ. Жаяу жүру нағыз квест па дерсің. Ал лай-шалшықтан сескенетін таксисттер мұнда кірмейді.

Ирина Бухарова – қала тұрғыны:

– Такси үйдің алдына келмейді. Басты көшегебатпақ кешіп жаяу шығамыз. Ал жүргізушілердің көбі аяқтарың лас, көлігімді бүлдіресіңдер деп алмай, кетіп қалады. Амал жоқ, не жаяу барасың, не басқа машина шақырасың.

Тұрғындар күздің жарасы жеңілдеу дейді. Қызықтың көкесі көктемде басталады. Еріген қар суы жолдың миын шығаратын көрінеді. Ең қызығы, бұл тұйық жердің жеке атауы жоқ, ол Потаниннің бір бөлігі саналады. Жұртшылық 2018-де көрші жатқан көшелерге қиыршық тастың төселгенін айтады. Ал ұзындығы әрі кетсе 100 метрді құрайтын қысқа бөлік әкімдіктің назарынан тыс қалып қойған.

Альбина Аверина – қала тұрғыны:

– Қалалық әкімдікке бір емес, бірнеше рет хат жаздық. Жазда мамандар келіп, жоспарға енгіземіз деп уәде беріп кетті. Күз болды, бірақ уәде орындалмады. Көше қысқа, тас төсеу немесе асфальт салу көп шығынды қажет етпейді ғой. Сондықтан, сұрауымызды билік қанағаттандырса дейміз.

Жауапты орган өкілдері Потанин көшесі тұрғындарының хаты туралы тіс жарып айтпады. Бәлкім, құжат көп қағаздың арасында жоғалып қалған болар. ТҮКШ бөліміндегілер тұрғындардан шыдамдылық танытуды сұрайды. Сөздерінше, шаһардың шеткері аудандарын қиыршық таспен көмкеру ісі келесі жылы да жалғасады.

Әсем Айтолла – қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы:

– Қиыршық тас төсеу жұмыстары аяқталды. Биыл тұрғындардың сұрауы бойынша 100 көшеде осы шаруа атқарылды. Келесі жылы қаражат бөлінетін болса, кезек бойынша жұмыс жасалады. Потанин көшесінің тұрғындарына ТҮКШ бөліміне тағы бір хат жолдау керек.

Бірақ, кезектің қашан келетіні, әзірге, белгісіз. Келер жылға бюджет әлі нақтыланбаған. Сондықтан, 2021-дің тізіміне ілікпесе, қысқа көше жан бітіп, жарқыраған тұтас Потанин көшесінің сәнін қашырып тұра бермек. Ал тұрғындар болса үйден галош емес, әдемі етік киіп шығар күнді асыға күтіп жүр.

Эльмира Садвокасова