МТРА жаңалықтары

Құмар Ақсақалов жұмыс сапарымен Есіл ауданына барды

Ауылдарда атқарылуы тиіс шаруа әлі көп. Есіл ауданына жұмыс сапары барысында Құмар Ақсақалов елді мекендерді дамыту мәселесін көтерді. Өңірде  тұрғындары үйін 50 мың теңгеге сатып, қалаға көшкісі келетін ауылдар бар. Проблеманы шешуге  аграрийлер мен оңтүстік өлкелерден қоныс аударған ағайын септеспек.

Екатерина Сальникова жаңа пәтерге жуырда ғана көшіп келіпті. 4 баланың анасы 3 бөлмелі баспанаға қол жеткізген. Нысан іші – жылы, асүй, тура ошақ иесі армандағандай – кең. Осыған дейін отбасы қайын енесінің қолында жер үйде тұрыпты. Ал отағасы көз жұмғаннан кейін, үйдің ауыр шаруасы нәзікжандыға артылған. Енді коммуникация тартылған, жайлы пәтерде үй шаруасының жүгі жеңілдеді. Бос уақытын Екатерина Сальникова қазір бауыр еті балаларына арнайды екен.

Екатерина Сальникова – Явленка селосының тұрғыны, Есіл ауданы:

–  Өзім 8 жылға жуық уақыт таксист болып қызмет етемін. Жұмысым – ауыр. Үйге келгеннен кейін, пеш жағып, су тасу қажет. Тіршілік көзін көлікпен барып әкелем. Барлығын бітіргеннен кейін, демалуға да әл қалмайды. Баспана кезегіне 4-ші баламды босанғаннан кейін тұрдым. Құтты қонысымды 7 жыл бойы күттім. Қуанышымда шек жоқ. Жаңа үйге қоныс аударғаныма 1 апта болды.

Оразалиндер жанұясына жақсы жаңалықтар бірінен соң бірі келіп жатыр. Кеше ғана жаңа пәтер кілтін иеленіп, отбасы ұзаққа созбай бірден көшуді шешкен. Қазір үйге қажеттінің барлығын әкеліп, орналастырып жатыр. Себебі, жақын арада Ерболат Оразалин отау құрып, келіншегін құтты қонысына әкелмек. Жас жұбайларға бір бөлмелі баспана бұйырып отыр.

Ерболат Оразалин, Явленка селосының тұрғыны, Есіл ауданы:

– Үйдің іші оңды екен. Жарық, жылы, бөлмелері кең. 12 жыл бойы кезекте тұрып, күттім. Кешегі күні бұйырды.

Барлығы 3 қабатты баспанаға қоғамның әлеуметтік әлжуаз тобына жататын 27 отбасы қоныс аударған. Құтты қоныстары үшін жанұялар ай сайын пәтерақы төлейтін болады. Оның құны 1 бөлмелі пәтерге – 7 мың, ал 3 бөлмелісіне 13 мың теңгені құрайды. Қазір Есіл ауданында үй кезегінде 173 адам тұр.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Үй салуға жыл сайын қаржы көп бөлініп жатыр. Бюджеттен 18 млрд теңге бөлінген. Өткен жылмен салыстырғанда 1,5 есеге көп. Жыл аяғына дейін 300 мың шаршы метр тапсырылатын болады. Шамамен 10500 жерлесіміз пәтерді иеленеді.

Ауыл шетінде бүгінде оң өзгерістер орын алуда. Болашақта мұнда тағы екі көпқабатты үй пен 25 баспана бой көтермек. Соңғыларының кілті еліміздің оңтүстік аймақтарынан көшіп келген жанұяларға табысталмақ. Өткен жылы қоныс аударушыларға арналып өлкемізде 430 үй салынса, биылғы көрсеткіш 700-ді құрайды.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Облысқа көшіп келген адамдардың саны 3 есеге өсті 2017-мен салыстырсақ. Биыл да 2500 адамның көшіп келуін күтіп отырмыз. 60 мұғалім, 30 дәрігер келді. Тағы 100 адам грант алып, өзінің жеке бизнесін ашты.

Қоныс аударушылардың есебінен шағын жинақты мектептердің де мәселесі шешіліп жатыр. Жабылуға жақын қалған білім ошақтары қазір жұмыстарын жалғастыруда. Себебі, көшіп келгендердің дені – көпбалалы жанұялар. Биыл оңтүстік аймақтан қоныс аударған отбасылардың 219 ұл-қызы жергілікті оқу ұяларына барды. Тұрғындардың саны көбейген сайын, экономика да нығая түседі. Кіші және орта бизнес дамып, жұмыс орындары пайда болады. Бұл туралы қоғам өкілдерімен кездесуінде Құмар Ақсақалов айтты. Маңыздысы – тек қалаларды ғана емес, ауылдарды да өркендету керек.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Шыны керек, елді мекендерде атқарылуы тиіс шаруа өте көп. Аграрий немесе кәсіпкерсіз қалған ауылдардың маңынан өткенде жүрегім ауырады. Есіл ауданына қарасты Спасовка деген село бар. Өкінішке қарай, тұрғындар 50 мың теңгеге үйлерін сатып, кетуге мәжбүр. Аумағы үлкен 3 қабатты мектеп те бар. 2018 жылы білім ошағында болдым. Бар-жоғы 5-ақ оқушы оқитын. Қазір біреуі де қалмаған шығар.

Мұндай жағдай орын алмас үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің жауапкершілігін заң жүзінде арттыру керек. Құмар Ақсақалов мұндай бастаманы талай рет көтерген болатын. Кейбір аграрийлер өз құқықтарын білсе де міндеттері туралы ұмытатын көрінеді. Алтын астықты жинап, барлық пайданы қалталарына басады. Ал ауылдың дамуына бір тиын да бөлмейді. Алдағы уақытта бассыздыққа жол берілмеуі тиіс. Тәжірибе көрсеткендей, барлық жағжай жасалған елді мекендерден тұрғындар қалаға ағылмайды. Келешегі зор селоларға Үкімет те көмегін аямайды. Сергей КОрнев қоғамдық қабылдауға былтыр келген болатын. Явленка тұрғындарының атынан азамат жолдарды жөндеуді сұрады.

Сергей Корнев, Явленка селосының тұрғыны, Есіл ауданы:

– Көктем келіп еді облыс орталығының мердігерлері бірден іске кірісті. 7 шақырымды жөндеп, мектеп, пошта мен балабақшаға апаратын жолды салып берді.

Қоғамдық қабылдау – көптен бері шешілмей келе жатқан мәселелерді жеткізуге арналған жақсы алаң. Құмар Ақсақаловтың тапсырмасы бойынша Петропавл және аудан әкімдерімен мұндай кездесулер Zoom арқылы аптасына 3 мәрте өткізілмек. Жуырда кесте де құрылыпты. Бұл туралы аймақ басшысы фронт-кеңсенің жұмысымен танысқанда мәлімдеді. Ашық әкімдіктер қазір әрбір ауданда жұмыс істеуде. Нәтижесінде солтүстікқазақстандықтар мемлекеттік қызметтерге тезірек қол жеткізуде. Ал шенеуніктерге түсетін арыз-шағымдардың көлемі өткен жылмен салыстырғанда 10 пайызға азайған.

Эльмира Садвокасова