МТРА жаңалықтары

ХҚКО жұмысының 80% электронды форматқа көшірілді

ХҚКО атқаратын жұмыстың 80% онлайн форматқа көшірілді. Яғни, мемлекеттік қызметтердің 600-ден астамына  электронды портал арқылы қол жеткізуге болады. Ал тиісті құжатты көзбе-көз рәсімдеуді қалағандар әуелі кезек брондауы керек.

Қаладағы халыққа қызмет көрсету орталығында 100-ден астам маман жұмыс істейді. Карантин қатаңдатылғалы бері, яғни кешеден бастап олардың тең жартысы үйден еңбек етуде. Қызметкерлердің міндеті – 1414 нөміріне хабарласқан солтүстікқазақстандықтарға жауап беру. Ал мекемеге келетін тұрғындарға қойылатын талап күшейтілген. Ағайын кеңесшілермен жүздесіп, қажетті құжатты алу үшін ең алдымен кезегін онлайн брондауы қажет.

Эрик Тлеулин – қала тұрғыны:

–  Кезекті онлайн брондау керектігін әпкемнен естідім. Одан соң еgov.kz электронды порталы арқылы келетін уақытымды белгіледім. Бәрі оңай әрі тез атқарылды. Бұрынғыдай ұзын-сонар кезек жоқ.

Кезекті онлайн алудың 4 жолы бар. Өтінішті еgov.kz электронды үкімет порталы немесе Telegramдағы «еgovkzbot»-қа жолдай аласыз. Тағы «eGov Mobile» қосымшасы арқылы да келетін уақытыңызды белгілеуге болады. Одан бөлек, 1414 нөміріне қоңырау шалсаңыз мамандар кеңес береді.

ХҚКО-ға кезекті онлайн брондау жолдары:
– еgov.kz
– Telegram-да – «еgovkzbot»
– «eGov Mobile» қосымшасы
– 1414 call-орталығы

Ал заман игілігінің тілін түсінбейтіндер мен техникалық құралдары жоқ жандардың жағдайы не болмақ? Мамандар бұл мәселенің де шешімін тауыпты. Оларға орталыққа келуге рұқсат етілген. Сондай-ақ, мүгедектер мен қарттар да кеңесшілерге тікелей жүгіне алады.

Күләш Шәріпова – қала тұрғыны:

–  Үйге қатысты мәселемен келіп отырмын. Жиі келмеймін. Мамандар жақсы істейді. Екі тілде сөйлейді.

Жалпы, халыққа қызмет көрсету орталығының тізілімінде 700-ге жуық мемлекеттік қызмет түрі бар. Қазіргі күні оның 80 пайызын, яғни 600-ден астамына электрондық портал арқылы қолжеткізуге болады.

Ерназар Нұрғалиев – «Азаматтарға арналған үкімет» МК» КЕ АҚ СҚОФ баспасөз хатшысы:

– Қызметтің 100-ден астамы түрі қағаз түрінде қолжетімді. Ал қалғанын электронды түрде алуға болады. Онлайн түрде медициналық анықтамаларды, соттылықтың болу-болмауын ала аласыз.

Жаңа тәртіпке тек қалалық орталықтар ғана көшкен. Аудандардағы мекемелер жұмыстарын бұрынғы қалыпта жалғастыра бермек.

Маржан Қасымбек