Аптадағы маңызды жаңалықтар

Петропавлдың тұс-тұсына 5 блокбекет қойылды

Бүгін түнде Петропавл айналасына 5 блокбекет қойылды. Олардың 4-уі шаһар периметрі бойынша, ал біреуі Бескөл ауылына кіреберісте орналасқан. Өйткені, бұл елді мекен тұрғындарының 70 пайызы  облыс орталығында еңбек етеді. Ал өзге азаматтар  өңірдің бас санитарлық дәрігері бекіткен құжаттарсыз  қалаға кіре алмайды. Одан бөлек, шаһар мен аудандар арасындағы автобус қатынасы толықтай тоқтатылды.

Алғаш рет Петропавл блокпосттармен сәуірде қоршалған еді. Араға 8 ай салып сценарий қайталанып отыр. Бескөлге кіреберістегі бекеттен бүгін түнде небәрі 120-ға жуық көлік өткен, алайда кептеліс таңғы 8-дерде пайда бола бастады. Облыс орталығында қызмет істейтін ауылдықтар жаппай жұмысқа ағылды, өйткені. Полицейлер үлгеруге тырысып бағуда, сондықтан, колонна шапшаң ілгері жылжып жатыр. Ал сағат 10-ға таман қозғалыс біршама саябырсыды.

Саят Ермек – тілші:

– “Негізі, Бескөл маңындағы блокбекеттегі ахуалды тұрақты деп бағалауға болады. Өздеріңіз көріп тұрсыздар, көктемдегідей қарбалас пен ұзын-сонар кезек байқалмайды. мамандар қолдарында тиісті құжаттары бар азаматтарды әрі қарай өткізіп жатыр. Осы орайда ережелерді тағы бір қайталап өтейік: Блокбекеттен Петропавлда жұмыс істейтін солтүстікқазақстандықтар емін-еркін өте алады. Бірақ, қолдарында мөр басылған қызмет орнынан анықтама болуы тиіс. Медициналық көмек аламын дейтіндер үшін де жол ашық, оларда медициналық мекемеден жолдама немесе көшірме болуы шарт. Ал, басқа себептермен, жеке шаруаларымен қалаға кіремін деген азаматтар полицейлерге КВИ жұқтырмағанын дәлелдейтін ПТР сараптаманың қорытындысын ұсынулары тиіс. Айта кеткен жөн, мұндай анықтама 5 жасқа дейінгі балаларға қажет емес.

Айтпақшы, ПТР анықтаманың жарамдылық мерзімі 3 тәулікті құрайды. Егер азамат жоғарыда айтылған талаптарды орындамаса, жол жабық.

Айдын Байматов – СҚО ПД ЖПҚБ бастығы:

– Халықтың өміріне қажетті тауарларды таситындарға, мемлекеттік қызметшілер, медицина қызметкерлері мен коммуналдық қызметшілер бекеттен өте алады. Алайда, олардың да қолдарында жұмыс орнынан анықтама болуы міндетті. Бір блокбекетте 6 полиция қызметкері жұмыс істейді. Бір тәулікте барлық 5 бекетте 60 полицей қызмет етеді.

Көктемдегі карантиннен кейін бұқара тарапынан жауапкершіліктің біршама артқанын ескеру керек. Көбі тиісті құжаттарды алдын ала дайындап қойған, сәйкесінше қалаға кедергісіз кіріп жатыр.

Алайда, бес саусақ бірдей емес. Жолдың шетінде жай тұрған көліктерді де байқадық. Оларды сақшылар бекеттен әрі өткізбей, қайтарып жіберген. Өйткені, анықтамалары жоқ.

Ескерерлік жәйт, қалаға кірерде азаматтардың дене қызуы өлшенбейді. Ал шаһардағы тіршілікті қамтамасыз ететін көліктер еш кідіріссіз өтуі үшін кәсіпорындардың басшылары олардың нөмірлерін “Сергек” базасына енгізулері тиіс. Петропавлдан бөлек, өңір аудандарында бүгіннен бастап тағы 3 блокпост пен 12 карантиндік бекет жұмыс істейді.

Саят Ермек