Мәдениет

Облыстық қуыршақ театрында «Түйме қыз» ертегісінің премьерасы өтті

Кішкентай көрермендерге арналған тарту. Облыстық қуыршақ театрында  «Түйме қыз» ертегісі сахналанды. Даттық жазушы Ганс Христиан Андерсеннің еңбегін қазақшалаған – өнер ордасының көркемдік жетекшісі Мейрам Секасенбев.

Қойылымның басты кейіпкерлері – Клумпе-Думпе мен Иведи-Аведи есімді достар. Екеуі ақылдасып, Түйме қыз хикаясын қуыршақтардың көмегімен сахналамақшы. Ертегі гүлдің ішінен пайда болған, шынашақтай ғана мейірімді қыз туралы. Сан қилы оқиғаны бастан кешетін кішкентай кейіпкерге қосмекенділердің арбауынан құтылуға қарлығаш көмектеседі. Даттық жазушы Ганс Христиан Андерсен жазған әсерлі ертегіні қуыршақ театрының көркемдік жетекшісі Мейрам Сексенбаев қазақ тіліне аударған.

Мейрам Сексенбаев – облыстық қуыршақ театрының көркемдік жетекшісі:

– Бәрімізге белгілі, әр ертегінің соңы жақсы аяқталады. Сол сияқты біздің бүгінгі қойып отырған қойылымымыз мейірімділіктің, достықтың, қамқорлықтың арқасында қызықты бітеді.

Спектакльді қоюшы-режиссер – ресейлік Борис Ходырев. Сахна маманы шектеу шараларына байланысты келе алмағандықтан бір айлық әзірлік барысын қашықтықтан бағдарлапты. Басты рөлдердің бірін сомдаушы Нұрсұлтан Қалқабек онлайн-дайындықтың оңайға түспегенін айтты.

Нұрсұлтан Қалқабек – облыстық қуыршақ театрының актері:

– Біздің режиссеріміз Борис Петрович – Ресейде, ал біз осы сахнада камера арқылы онлайн дайындалдық. Әрине, режиссермен залда дайындалған жеңілірек. Себебі, ол біздің әрбір қимылымызды байқап, дұрыс жасамасақ түсіндіретін. Ал экран арқылы өте қиын болды. Бұрын күніне 5-6 сағат дайындалсақ, осы жолы 2 есе артық жұмыс істеу керек болды.

Қиял-ғажайыпқа толы қойылым бүлдіршіндерді ертегі әлеміне жетелеп, естен кетпес ерекше әсер қалдырды.

– Маған бұл спектакль ұнады. Бұл – менің ең сүйікті ертегім.

– Ертегі қызықты екен. Үнемі Түйме қызға болысып, оны қолдап отырдым.

Сондай-ақ, қазіргі уақытта өнер ордасының ұжымы чехиялық режиссер Евгений Ибрагимовпен бірлесіп өзге де спектакльдерге дайындық жүргізуде.

Алтынай Қазиқан