Мәдениет

Облыстық филармония өнерпаздары мерейтойлық медальдармен марапатталды

Абайдың 175 жылдығын атап өтуге белсенді ат салысып жүрген бір топ солтүстікқазақстандық өнерпаз марапатталды. Облыстық филармонияда ұйымдастырылған концертте / 10-ға жуық өнерлі жанға Мәдениет және спорт министрінің алғыс хаттары мен мерейтойлық медальдар табыс етілді.

Биыл елдегі маңызды оқиғалардың бірі – қазақтың бас ақыны, ойшыл, қазақ классикалық әдебиетінің негізін қалаушы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы. Ұлы тұлғаның мерейтойы халықаралық деңгейде аталып өтуде. Ал ел көлемінде ғылыми конференциялар, Абай оқулары, Абай әндерінің кештері мен кітап көрмелері ұйымдастырылуда.

Ұлы Абайдың мерейтойы солтүстік өңірде де кеңінен аталып өтілуде. Әсіресе, облыстық филармонияның өнерпаздары жыл бойы біртуар тұлғаға арнап онлайн концерттер өткізіп келеді. Соның бірі – бүгінгі “Абай мұрасы”.

–  Ерлан Жұрынбаев – ҚР Мәдениет және спорт министрінің кеңесшісі, Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын ұйымдастыру жөніндегі мемлекеттік комиссия мүшесі.

– Жыл басында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз мақаласында Абайды мәдениетімізде дәріптеу керек деген болатын. Сондықтан, елдің түпкір-түпкірінде мерейтойы кеңінен аталып өтілуде. Сіздердің өңірлеріңізде де кеңінен тойлануда. Сол себепті, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі атынан алғысымызды білдіреміз.

Сондай-ақ, шара барысында 10-ға жуық өнерпазға Мәдениет және спорт министрінің алғыс хаттары мен мерейтойлық медальдар табыс етілді. Облыстық филармонияның солист-вокалисі Бақыт Ілиясов Абайдың шығармаларын жиі орындайды екен.

Бақыт Ілиясов – облыстық филармонияның солист-вокалисі:

– Мен ұлы Абайдың шығармаларын орындаған кезде керемет әсер аламын. Себебі, оның барлық туындысы терең философиялық мағынаға толы. Бүгін Абайдың 175 жылдығына орай арнайы жасалған медальға ие болып отырмын. Бұл – мен үшін зор қуаныш, биік мәртебе.

Абай мұрасы – қазақтың ең қасиетті, теңдесі жоқ, алтын қазынасы. Заман ауысып, уақыт өткенімен, жас ұрпақ ғұлама тұлғаның рухани дүниесіне терең мән беріп, оның ұлылығының жаңа қырларын ашуда. Бұған биылғы елдегі ауқымды іс-шаралар дәлел.

Аслан Ғафуров – “Абай” атындағы халықаралық мәдениет пен өнерді қолдау қорының атқарушы директоры:

– Биылғы жылы Абайдың 175 жылдығна орай сіздердің өңірлеріңізде біршама ауқымды іс-шара ұйымдастырылғанын білеміз. Соның ішінде жастар арасындағы республикалық ақындар сайысын атап өткім келеді.

“Абай” атындағы халықаралық мәдениет пен өнерді қолдау қорының атқарушы директоры Аслан Ғафуров ұлы тұлғаның шығармашылығын тек мерейтойлық жылда ғана емес, жастар арасында үнемі кеңінен насихаттау қажеттігін айтты.

Дана Сәлімқызы